«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТТАНЫС АЛДЫНДА

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Қызылжар ауданындағы “Якорь СК” және “Митронин” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің егін алқабын аралап, агроқұрылым иелерінен алдағы орақ науқанына дайындық барысын сұрады.

“Якорь СК” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі орақ науқанын 20 тамыздан кейін бастауды жоспарлап отыр. Агроқұрылым жетекшісі Владимир Очеретенконың айтуынша, техника ораққа сақадай сай, жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етілген.

Ал “Митронин” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқабы 2200 гектарды құрайды. Аталмыш серіктестіктің құрылтайшысы Кирилл Митронин заманауи және сапалы химиялық өңдеудің арқасында жақсы өнім алынады деп сендірді.

Үстіміздегі жылы өңірімізде егін алқабы 4 миллион 366 мың 400 гектарды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 мың гектарға көп. Агроқұрылым басшылары әр гектардан 15 центнерден өнім алуға үмітті.

Орақ науқанына қатысатын 9 мыңдай комбайнның әрбір үшіншісі жоғары өнімді техника болады деп күтілуде. Жыл басынан бері 6,3 миллиард теңгеге 577 техника сатып алынды, оның 68-і – жалпы құны 1,9 миллиард теңгені құрайтын жоғары өнімді комбайндар.

Өңірімізде сыйымдылығы 3,4 миллион тоннаны құрайтын 54 лицензиялы астық қабылдау кәсіпорны жұмыс істейді. Бұған қоса сыйымдылығы 190 мың тонна болатын 9 қамбаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңіріміздің агроқұрылымдарында 3,1 миллион тонна астық сақтайтын қоймалар бар.

Шаруашылықтар қажетті дизельдік жанармаймен қамтамасыз етілген. Үстіміздегі жылы орақ науқанын өткізу үшін мемлекет арзандатылған бағамен 73 мың тонна жанар-жағармай бөлді.

Қазір диқандар күздік дақылдарды жинауға кірісіп кетті.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp