«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН ҚОС РЕДАКТОР

Сонау аласапыран заманда өмірге келіп, ел мүддесін қорғап қалуды мақсат тұтқан талай арыстарымыз тарих жадында сақтаулы. Егер қара қылды қақ жарған айбынды батырларымыз ұлттың тұтастығын найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалса, ақ пен қызыл арпалысқан алмағайып уақытта арыстарымыз найзаны – қаламға, білекті – білімге алмастырып, ашық майданда күреске шықты. Олардың қаруы білім мен ғылым болды. Мұқан Әйтпенов – солардың бірі.

Мұқан Әйтпенов 1920 жылы “Кедей сөзі” газетінің алғашқы редакторларының бірі болған. Омбы қаласында білім алып, елдің дамуына өз үлесін қосқан қазақ зиялылары жайында көптеген зерттеу жұмыстарын жазған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зиябек Қабылдинов өзінің “Сумели сохранить культуру и язык” мақаласында Мұқан Әйтпеновті Омбы облысының Шарбақкөл ауданының тумасы деп жазады. Ол генерал-губернатордың тілмашы болған. Кейіннен уездік комитетте қызмет етіп, “Үш жүз” партиясын құрды. Тарихтан білетініміздей, бұл партия – 1917 жылдың қазан-қараша айларында дүниеге келген саяси ұйым. Партияның алғашқы төрағасы Мұқан Әйтпенов болды. Орталық органы – “Үш жүз” газеті, оған Тоғысов редакторлық етті.  

1917 жылдың мамырында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандардың съезінде-ақ “Үш жүз” бен “Алаш” жетекшілерінің арасындағы қақтығыс анық аңғарылған. Сол жылы Омбыдағы кездесуде М.Әйтпенов Ә.Бөкейхановқа өз партиясының бағдарламасын ұсынды. Келіссөз өткенмен, қос партияның жетекшілері ымыраға келе алмады.

“Алаш” пен “Үш жүз” партияларының арасындағы күрес негізінен басылым беттерінде жүрді. Ол жөнінде жазушы Сәкен Сейфуллиннің “Тар жол тайғақ кешу” тарихи-мемуарлық романынан оқуға болады. Жазушы кітапта М.Әйтпеновпен жақын араласқанын да жазған. 1919 жылдың наурызында концлагерьден қашқан С.Сейфуллин М.Әйтпеновтің Петропавлдағы үйінде жан сауғалаған.

Партия басшылығына Қазан төңкерісінен кейін М.Әйтпеновтің орнына Көлбай Тоғысов келді. 1918 жылдың жазында партия елеулі күшке айнала алмай тарады. 1919 жылы К.Тоғысов ату жазасына кесілді.

М.Әйтпеновтің зайыбының есімі – Бәтима. Мұхамеджан деген ұлы болғаны белгілі. Оны өткен ғасырдың 20-шы жылдары бандылар атып кетті, деп жазады 2010 жылы “Егемен Қазақстан” газетінде жарық көрген мақаласында қарағандылық Шалқарбек Кәрібаев. Бұл мақалада автор қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың Омбы қаласында білім алып жүрген уақытында М.Әйтпеновтің үйінде тұрғанын айтады.

“Солтүстік Қазақстан” газетінің 90 жылдық мерейтойына орай жарық көрген “Қызылжар өңірінің өшпес шежіресі” атты кітапта М.Әйтпеновтің “Кедей сөзі” газетіне редакторлық еткені жөнінде былай делінген: “Кедей сөзінің” бірінші саны 1920 жылдың 22 ақпанында шықса, екіншісі наурызда бір-ақ жарық көрген. Новосибирск облыстық партия комитетінің мұрағатындағы құжаттарға қарағанда, 1920 жылы “Кедей сөзінің” редакторы большевиктік партияның байырғы мүшесі Мұқан Әйтпенов болған”.

М.Әйтпенов “Кедей сөзі” газетіне редакторлық еткен 1920 жылы Смағұл Сәдуақасовтың, С.Қыпшақбаевтың, Өтел Сариннің мақалалары жарияланғанды. “Солтүстік Қазақстан” газетінің 85 жылдық мерейтойына орай шығарылған “Дәуірдастан” кітабында 1920 жылы “Кедей сөзі” газетінде Өтел Сариннің “Оян, бейнетқорлар!” атты мақаласы басылғаны баяндалады.

М.Әйтпеновтің газеттегі қызметі ұзаққа созылмаған көрінеді. Ол 1920 жылдың ақпанынан бастап шілдеге дейін редакторлық еткен. Одан кейін газеттегі басшылық қызметті Смағұл Сәдуақасов, Әбілхайыр Досов жалғастырған. Оның газеттен кейін қандай қызмет атқарғандығы жөнінде деректер табылмады. Ал 1937 жылы М.Әйтпенов ату жазасына кесілді.

1920 жылдың аяғында “Кедей сөзі” газетінің редакторы болып Темірболат Телжанов тағайындалды. Ол Омбы қаласының маңындағы Қаникей мекенінде дүниеге келген. Темірболат Телжанов 1898 жылдан омбылық қазақтар арасындағы саяси-қоғамдық жұмысқа белсене араласа бастаған. Алғашында Ақмола облысының шекарасында “Алаш” ұлттық-демократиялық қозғалысына қатысқан. Кеңес өкіметінің “Алаш” қозғалысының қатысушыларына саяси кешірім жасағаннан кейін ол 1919 жылы кеңестік-партиялық органдар қызметіне ауысып, 21 жасында большевиктер партиясына өткен.

Елдің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан Т.Телжанов 1919-1921 жылдар аралығында Сібір БКП бюросының (б) ресми органы – “Кедей сөзі” газетінің редакциялық алқасына мүшелікке сайланды. Бұл туралы кеңестік зерттеушісі В.Познанский былай деп жазады: “Сібір бюросы ОК РКП (б) “Кедей сөзі” газетінің редакциялық алқасын құру мәселесін шешу барысында Ғ.Тоғжановпен қатар Сібір облыстық татар-қырғыз бюросы РКП (б) ұйымдастырушылары атынан Т. Телжанов, сондай-ақ, алқа құрамына партияда жоқ белгілі қазақ ағартушысы М.Жұмабаев сайланды”.

“Кедей сөзі” газетінде Т. Телжанов жаңа мектептер ашу қажеттілігі мен қазақ балаларын жоғары оқу орнына түсіру, өлке тарихын зерттеу, ұлттың үйлену мен жерлеу ғұрпындағы бірқатар ескірген тұстарды жою туралы, жергілікті мал тұқымдарын жетілдіру сынды көкейкесті мәселелерге арнап көптеген мақалалар жариялайды. Газетті аптасына бір рет шығару жоспарланады. Алайда, ол айына бір рет шығарылып тұрады. Осы тұста аталмыш газеттің беттеушісі, атақты балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы болғандығы жөнінде дерек бар, дейді Зиябек Қабылдинов.

2013 жылы Темірболат Телжановтың ұлы КСРО халық суретшісі Қанафия Телжановпен сұхбаттасқанымда әкесі мен атасы Телжан болыс туралы айтып берген еді. Оның арғы атасы Телжан болыс 1906 жылы патша өкіметі Ақмола облысының аумағында екіжылдық орыс-қазақ мектептерін аша бастағанда Ақмола әскери губернаторына өзінің жерлестері үшін осындай мектеп салуға өтініш жасаған екен. Мектепке өз үйін ақысыз берген екен. Мектеп ашылған ауыл болыстың құрметіне Телжан ауылы (қазіргі Уәлиханов ауданында) деп аталып кеткен.

1921 жылы Т. Телжанов Сібір революциялық комитетіне қарасты ҚАССР өкілдігінің ресми баспа органы – “Бостандық туы” газетінің редакторы қызметін қоса атқарады. 1922 жылы ол республикалық “Еңбекші қазақ” газетінің (бүгінгі “Егемен Қазақстан”) ұйымдастырушысы әрі бас редакторы болды.

Саяси қуғын-сүргін Темірболат Телжановты да айналып өтпеді. 1937 жылдың 4 қарашасында ол тұтқынға алынып, 1938 жылдың 15 сәуірінде Ленинград облысы бойынша НКВД “үштігінің” қаулысымен ату жазасына кесілді.

Қазақстан егемендік алған 1990 жылы Т. Телжанов толық ақталады.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp