Атырау қаласында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерден республикалық олимпиада өткізілді. Білім додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық оқушы қатысты.
Біздің облысымыздан өңір намысын қорғауға 31 оқушы аттандық. 13 оқушы жүлделі орындармен оралды. Менің қатысқан пәнім – Қазақстан тарихы. Білім додасы 3 кезеңнен тұрды. I кезең – эссе жазу, II кезең – тест және блиц-турнир, III кезең – ауызша сұрақтарға жауап беру бойынша сынға түстік. I кезеңде жоғары ұпай алдым және қалған сындардан да сүрінбей өттім. Бұл 3-4 жылғы табанды дайындығымның нәтижесі деп білемін. Республикалық деңгейдегі білім сайысында III орынға ие болуыма ұстазымның, ата-анамның тигізген үлесі зор болды. Ата-анам маған үлкен сенім артса, ұстазым Альбина Некібаева талай жыл бойы мені дайындап, білімімді шыңдады.
Ақбота БАҚЫТЖАН,
Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның 10-сынып оқушысы.