
Есіл ауданындағы Явленка ауылында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы біраз уақыттан бері тоқтап тұр. Тұрғындар да спорт нысанының пайдалануға берілуін тағатсыздана күтуде. Алайда, қыруар қаржы бөлінсе де, мердігер компания құрылыс жұмыстарын жүргізуге асығар емес.
Жұмысқа немқұрайды қараған “Петрострой-Люкс” компаниясын сотқа тартқанымен, нәтиже болмағанын айтқан Есіл ауданының әкімі Алтынбек Абдоллаев орталық коммуникациялық қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында дене шынықтыру-сауықтыру кешені таяу арада пайдалануға берілуі неғайбыл екенін жеткізді. Брифингте осы және өзге де сауалдарға жауап берген Алтынбек Тоғайбекұлы Есіл ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, бірқатар мәселелерге тоқталды.
– Кешеннің құрылысы 2020 жылы қолға алынған болатын. Жоба құны 327 миллион теңгені құрайды. Өткен жылы 188 миллион теңге игерілді. Бүгінгі таңда кешеннің қабырғасы тұрғызылып, төбесі жартылай жабылды. Қазір қалған жұмыстарды жүргізу үшін құрылыс материалдары қажет. Кешеннің құрылысы дер кезінде бітпеуі мүмкін. Сондықтан мердігерді қайта сотқа беру үшін қажетті құжаттарды жинастырып жатырмыз, – дей келе Алтынбек Абдоллаев ауданның әлеуетін баяндады. Оның айтуынша, 2020 жылы ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі артып, 4,2 млн. теңгені құрады. Аудан бойынша орташа айлық жалақы 146,8 мың теңге. Өткен жылы бюджеттің жалпы көлемінің 88 пайызы немесе 6,5 млрд.теңге білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт пен басқа да салаларды дамытуға бағытталды. Былтыр аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына 3,2 миллиард теңгенің демеу-қаржысы берілсе, жалпы өнім көлемі 53 млрд. 40 млн. теңгені құрады.
Биыл дәнді дақылдар 275 мың гектар алқапқа отырғызылады. Сондай-ақ, 917,5 миллион теңгеге 167 техника сатып алынды. Заградовка ауылында мың бас ірі қараға арналған тауарлы-сүт фермасы іске қосылып, 30 жаңа жұмыс орны құрылды. Бүгінде фермада 740 ірі қара бар. Биыл “Ебжанов және К” ЖШС-де осындай тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталады. Шаруашылық Германиядан симменталь тұқымды 187 бас ірі қара сатып алды. Ауданда шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлінуде. Мәселен, 834 шағын және орта бизнестің 443-і жеке кәсіпкерлік.
Бүгінде ауданда автомобиль жолдары 513 шақырымды құрайды. Соның ішінде 329 шақырымы аудандық маңызға ие. 2020 жылы 1 миллиард 438 миллион теңгеге 33 километр жол жөнделген. Покровка – Корнеевка – Горное бағытында 18,9 километр жолды орташа жөндеуден өткізуге 686,9 миллион теңге бөлінген. Бірақ осынша қыруар қаржы жұмсалғанымен, тұрғындар тарапынан жолдың сапасыздығына қатысты шағымдар көбеймесе, азаймай отыр. Мальцево ауылы маңындағы жол да тұрғындардың жүйкесін жұқартқан тәрізді.
Жылумен жабдықтау, таза ауызсумен қамтамасыз ету де өзекті мәселе. Бүгінде аудандағы 53 елді мекеннің 29-ы ғана орталықтандырылған сумен жабдықтау желісіне қосылған. Өткен жылы Корнеевка, Явленка, Тауағаш, Сарман ауылдарындағы сумен жабдықтау жүйесіне 94,4 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Тұрғындарды жұмыспен, баспанамен қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл орайда, 2020 жылы Есіл ауданында 7231 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл да сонша үй тапсырылмақ. “Еңбек” бағдарламасы бойынша 253 миллион теңгеге 36 баспана тұрғызылғанын да айтып өткен жөн.
– Ауданда білім беру жүйесін дамыту және материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы Заградовка, Ясновка, Бұлақ орта мектептері мен Явленка ауылындағы “Балапан” бөбекжай-бақшасына күрделі жөндеу жүргізілді. Облыстық бюджет есебінен балаларды тасымалдау үшін Покровка, Явленка орта мектептеріне екі шағын автобус пен демеушілердің қаржысына тағы бір білім беру мекемесіне көлік сатып алынды. Сондықтан бұл мәселе түбегейлі шешілді, – дей келе Алтынбек Тоғайбекұлы тұрғындарды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуде биыл ауданға жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, рентгенолог мамандардың келетінін айтты. 2020 жылы 13 миллион теңгеге бірқатар медициналық жабдықтар сатып алынған. Биыл да материалдық-техникалық база нығайтылмақ.
Пандемияның салқыны Есіл ауданын да айналып өткен жоқ. Карантиндік шектеулерге байланысты ауданда жұмыссыздық деңгейі 2,1 пайызға өскен. Сондықтан ауданда алда атқарылатын шаруа аз емес.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.