«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУА РАЙЫ ҚОЛБАЙЛАУ

 

Облыс диқандары әрбір ашық күнді ұтымды пайдаланып қалуға тырысуда. Бірақ жауын-шашын толастар емес. Сондықтан кейбір шаруалар күннің көзі қылт етсе болды, екі ауысыммен жұмыс істеп, комбайндарды түнімен тоқтатпауда. 

Биыл облыста 2861 мың гектар жерге дәнді, 970 мың гектар жерге майлы дақыл, 34 мың гектарға картоп, 6,2 мың гектар жерге көкөніс егілген. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, өңірдегі барлық дәнді дақылдардың 70 пайызы орылып, оның 63,8 пайызы бастырылған.

Орташа көрсеткіш гектарынан 15 центнер. Қызылжар, Мамлют, Аққайың, Уәлиханов аудандарында өнімділік жоғары. Мысалы, Қызылжар ауданы орта есеппен гектарынан 18,3 центнерден астық жинауда. Ал кейбір жеке шаруашылықтарда, тіпті, 25-27 центнерден айналуда.
Облыстағы астықты аудандардың ішіндегі егіс көлемі ең үлкені – Ғабит Мүсірепов атындағы аудан. Бүгінгі күні аудан диқандары жоспарлы 490,6 мың гектар егістің 64,4 пайызын бастырып үлгерген. Алайда, гектар берекелігі облыстың орташа көрсеткіштен төмендеу, 13,6 гектар ғана. Астық бастырудан алда келе жатқан Уәлиханов ауданы бүгінге дейін егістің 71,4 пайызын бастырып үлгерді. Гектарынан 16,4 центнерден айналуда. Ал жауын-шашынның кесірінен құлашын жаза алмай келе жатқан Мамлют ауданы дестеге түскен астықтың тек 57,7 пайызын ғана бастырды.
Синоптиктердің болжамына қарағанда алдымыздағы он тәулікте де күн жадырап кете қоймайтын сыңайлы. Сондықтан облыс диқандары астық бастыруды алдағы онкүндікте де аяқтай қоюы неғайбыл. Ауа райының қолайсыздығы майлы дақылдарды да толық жинап алуға мұрсат бермей отыр. Қазіргі уақытта майлы дақылдардың 55,5 пайызы орылып, оның үштен бірі бастырылған. Бүгінге дейін қамбаға 265,7 мың тонна дақыл түсті. Бұл дақылды жинауда Айыртау ауданының еңбеккерлері алда келеді. Олар егістің 45,4 пайызын жинап алды. Көш соңында қалып келе жатқан тимирязевтік диқандар егіс алқабының тек 22,8 пайызы ғана бастырған.
Облыс бойынша картоптың 95 пайызы жиналды. Бұл істе Ғабит Мүсрепов атындағы аудан көш бастауда. Жергілікті шаруашылықтар өздеріне тиесілі картоп тұқымы отырғызылған аумақты толық жинаған. Алайда, өнімділік төмен. Облыс бойынша орташа көрсеткіш 130,7 центнерді құраса, кей аудандар әр гектардан 111,4 центнерден жинаған. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылжар ауданы алда. Аудан диқандары әр гектардан 150 центнерден өнім алуда. Облыс шаруашылықтары көкөніс жинауды да әлі толық аяқтаған жоқ. 

Жақсыбай САМРАТ.

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp