Облыстық экология департаментінде қоғамдық көліктен шыққан зиянды газдың ауадағы мөлшерін анықтайтын құралдар жеткіліксіз. Бұл мәселе “Qyzyljar adaldyq alańy” жобалық кеңсесінің отырысында сөз болды.
Кеңсе жетекшісі Амангелді Сатановтың айтуынша, облыс орталығындағы көліктен шыққан көк түтіннің қоршаған ортаға әсері әлеуметтік желіде жиі талқылануда. Алайда, бұл мәселеге жауапты орган – экология департаментінің мамандары ауа сапасына алаңдаушылық білдірген тұрғындардың шағымдарына сәйкес көлік газдарының қоршаған ортаға кері әсерін тексере алмайтын болып шықты. Өйткені, тексеріс жүргізудің заңмен бекітілген талаптары бар.
– Мемлекеттік экологиялық бақылау Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүргізіледі. Онда тексерістің қалай жүзеге асырылатыны егжей-тегжейлі жазылған. Департамент мамандары әлеуметтік желілердегі жазбаларға сәйкес көліктерді тоқтатып, ауа құрамын зерттеу жұмыстарын жүргізе алмайды. Кез келген тексеріс жауапты органда тіркелген соң ғана жүзеге асырылады. 2018 жылы көлігінен көк түтін будақтаған жүргізушілерге 15 әкімшілік айыппұл салынды. Ал 2019 жылы осындай екі факті тіркелді, – деді экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.
Былтыр анықталған заң бұзушылықтардың аздығы ауа сапасының жақсарғанының көрсеткіші емес. Жаңа мемлекеттік стандарт бойынша өлшеуіш құрылғылардың нақтылығы 0 және 1-сыныпты болуы тиіс болса, департаменттегі құрылғылар – 2-сыныпты. Ведомство басшысы бұл олқылықтың орнын толтыру үшін биыл автотестерді сатып алуды жоспарлап отырғандарын айтты.
Осы жылдың мамыр айында облыс экологтары жергілікті полиция қызметкерлерімен “Таза ауа” атты жедел-алдын алу шарасын өткізіп, соңғы аялдамалардағы газ мөлшерін тексермек. Ауада қауіпті заттар көп болса, көлік иелеріне әкімшілік айыппұл салынады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Soltústik Qazaqstan”.