Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановтың төрағалығымен Инвестиция тарту жөніндегі кеңестің (Инвестициялық штабтың) отырысы ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, жергілікті атқарушы органдардың, өңірлік даму институттарының – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Солтүстік» ӘКК» АҚ, «Атамекен» ҰКП, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ, сондай-ақ облыс прокуратурасының өкілдері қатысты.
Кеңес осы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы инвестиция тарту жұмыстарының қорытындысына арналды. Бұл бағыттағы негізгі көрсеткіштерді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмрин таныстырды. Оның айтуынша, осы кезеңде өңір экономикасына 214,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 119,6 пайыздық өсімге қол жеткізілген.
Жиын барысында «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Басқарушы директоры Нұрлан Садықовтың айтуынша, 2025 жылдың шілде айында жаңа №5 қосалқы аймақ құрылып, оның жалпы аумағы 24,5 гектарды құрады. Қазіргі уақытта бұл қосалқы аймақты 150 гектарға дейін ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен өңірдің аудандық деңгейде инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Тайынша және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда №6 және №7 жаңа субаймақтар құру жоспарланған.
Сондай-ақ жиын барысында Жамбыл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудан әкімдерінің орынбасарлары өз аумақтарында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Кеңес қорытындысы бойынша облыстық және қалалық әкімдіктерге инвестиция тарту жұмысын жандандыру және инвестициялық жобалардың іске асырылуына бақылау жасау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».