«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНДАР ТАСҚЫНҒА ДАЙЫН БА?

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қызылжар, Есіл, Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Жамбыл аудандарының әкімдерімен кездесіп, көктемгі су тасқынына дайындық барысын пысықтады. Шараға аудандардағы төтенше жағдайлар бөлімдерінің басшылары да қатысты.

Өткен жылы орын алған су тасқынынан Петропавл қаласы, Есіл және Қызылжар аудандары айтарлықтай зардап шекті. Биыл су басу қаупін азайту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Қызылжар ауданына қарасты Бескөл, Прибрежное және Тепличное ауылдарында бөгеттер нығайтылса, Приишимка, Боголюбово, Большая Малышка, Семиполатное және Соколовка ауылдарында қорғаныс жыралары қазылған. «Жақын арада Ольшанка, Долматово, Барневка, Затон және Кривозерка ауылдарында жыралар қазу жоспарланып отыр», – деді аудан әкімі Сақтаған Сәдуақасов.

Облыс әкімі Есіл ауданына қарасты Новоузенка, Гурьяновка және Покровка ауылдарында жер жыраларын қазу жұмыстары сәтті жүргізілгенін айтты. Бірлік, Бұлақ, Жарғайың, Қарағай және Ақтас ауылдарына кіреберіс жолдарға су өткізу құбырлары орнатылған. Сонымен қатар Петропавл – Жезқазған республикалық тас жолындағы көпір маңында диаметрі 1 метр болатын үш су өткізу құбыры салыныпты.

Кездесуде облыс орталығының шеткері аудандарын су тасқынынан қорғау мәселесі де көтерілді. Петропавл қаласының Жұмысшы және Береке шағынаудандары жыл сайын көктемде қар суынан зардап шегеді. Қауіп туындаған жағдайда суды сорып шығару үшін мотопомпалар дайын. 92 мотопомпаның 50-і биыл сатып алыныпты. Қала көшелеріндегі суағарларды тазалау жұмыстары жүргізілген. Береке шағынауданында су ағынын бұратын канал қазылып жатыр.

Бұған дейін облыс басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов тасқын судың алдын алу үшін аудандарды аралап, қауіпті аймақтардағы жұмыстармен танысқан болатын. Өңір басшысы Қызылжар ауданындағы Тепличное, Бескөл ауылдарындағы және Петропавлдың Былғары кентіндегі бөгеттерді күшейту жұмыстарын тексерді. Қызылжар ауданы Новокаменка ауылының маңында Есіл өзенінде мұз жару жұмыстары сәтті жүргізілді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp