“Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті дамыту мен қолдаудың бірыңғай бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша кәсіпкерлікті қолдау мобильді орталығының сарапшылары Жамбыл ауданында шеберлік сыныбын өткізді.
Әр кәсіпкер ісінің алға басып, табысты жұмыс істегенін қалайды. Ойлаған істі жүзеге асыру үшін сапа менеджменті жүйесінің атқаратын рөлі зор. Осы орайда жергілікті бизнесмендерді сапа менеджменті жүйесінің талаптарымен таныстыру маңызды. Жамбыл ауданына жұмыс сапарымен барған облыстық орталықтың сарапшылары шеберлік сыныбы барысында кәсіпкерлерге бизнестің жаңа тетіктерін түсіндірді. Бизнестің қарышты қадам басып, алға қойған мақсатқа табысты қол жеткізуі үшін бизнес-жоспар құрудың маңызы айтылды. Шара барысында қатысушылар өздерінің кәсіпкерліктері бойынша жоспар құруға машықтанып, бизнестің сын-қатеріне баса мән берді. Қатысушылардың пікірі бойынша, мұндай шеберлік сыныптары ауылдағы кәсіпкерлер үшін тағылымда.
– Мен қоғамдық тамақтандыру саласында істеймін. Өзімнің асханам бар. Ұжым мүшелерінің еңбегін лайықты бағалауға тырысамын. Бірақ кейде олардың тарапынан олқылықтар орын алады. Жұмыс барысында мұндай қиындықтарға кездесуімнің басты себебін енді түсіндім. Сарапшылардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибеде жүзеге асыруға дайынмын. Қосымша алған білімім бизнесті табысты жүргізуге ықпал етеді деген ойдамын, – дейді жеке кәсіпкер Оксана Джакупова.
Айсұлу ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.
Жамбыл ауданы.