
Өңірімізде барлық деңгейдегi әкiмдердiң тұрғындар алдындағы есеп беру кездесулерi өтуде. Дүйсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов Мамлют ауданының әкiмi Ерболат Бекшеновтің жергілікті тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуіне қатысып, өткен жылы атқарылған жұмыстың барысымен танысты.
Алдымен негiзгi макроэкономикалық көрсеткiштер жайын тілге тиек еткен Ерболат Бекшенов өткен жылы ауданның негiзгi капиталына 2,2 млрд. теңге инвестиция тартылғанын жеткізді. Аудан бюджетiнiң кiрiсi 317,8 млн. теңгенi құрап, орташа айлық еңбекақы 7,3 пайызға артқан. Ал жалпы өнiмнiң көлемi 12,1 млрд. теңге деңгейiнде.
Сондай-ақ, өткен жылы Мамлют ауданында 5 кәсіпкерлік нысан ашылыпты. Ал үстіміздегі жылы бiрқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың iшiнде “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің 600 басқа арналған сүт кешенiнiң, “Асхат Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегi элеватор құрылысы және “Оптиум Петро” майлы дақылдарды қайта өңдеу зауытын iске қосу сияқты жобалар бар.
– Бұдан басқа наубайханалар, шұжық, лак және бояуларды бөлiп құю, құрамажем цехтарын, қаз, күркетауық пен балық өсiру фермаларын ашу жоспарланып отыр. Осы кәсiпорындарды іске қосқанда қосымша 93 жұмыс орны ашылады, – дедi аудан әкімі Ерболат Мұратұлы.
Мамлют ауданы басшылығының атқарған жұмысына өз бағасын берген облыс әкімі Ерiк Сұлтанов мүмкiншiлiктерге де тоқталды. Осы орайда бiрқатар тапсырмалар берді. Әсіресе, өнеркәсiп саласындағы еңбекақыны өсіру, жергілікті кәсiпкерлер қатарын толықтыру қажеттігін қадап айтты.
Ерiк Сұлтанов 2016 жылы облыстың алдында тұрған мiндеттерге де назар аударды.
– Үстiмiздегi жылы бiз 5,6 млрд. теңгеге ресурсты үнемдейтiн технологияларды қолданып, 360 шақырым жолды жөндеудi жоспарлап отырмыз. 2017 жылы республикалық маңызы бар “Челябi – Новосiбiр” жолының “Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы” учаскесiн қайта құру жобасын жүзеге асыру жоспарланған. 60 шақырымның 39 шақырымы Мамлют ауданын басып өтедi. 2015 жылы “Өңiрлердi дамыту” бағдарламасы бойынша сумен жабдықтауға 4,9 млрд. теңге бағытталып, 41 елдi мекенде ауызсу мәселесі оң шешімін тапты. Бүгiн орталықтандырылған су жүйесiмен 378 ауыл (55,8%) және 5 қала қамтылған. Бұл жұмыс үстiмiздегi жылы да жалғасын таппақ. Мектеп, балабақша, спорт нысандары құрылысындағы қарқынды сақтау да маңызды”, – дедi Ерiк Хамзаұлы.
2016 жылы облыста ауқымды жұмыс жоспарланғанын атап өткен өңір басшысына Мамлют ауданының тұрғындары өздерін толғандырған сауалдарын қойып, бірқатар мәселелерді көтерді. Мәселен, Айгүл Сарбасова үстіміздегі жылы Андреевка елді мекенінен өзінің ауылы – Бостандыққа дейiнгi жол жөнделсе екен деген тілегін жеткізді.
Ерiк Сұлтанов 2016 жылы ұзындығы 21,2 шақырым болатын “Новоникольск – Андреевка – Новомихайловка” жолын жөндеуге 170 млн. теңге бөлінетінін айтты. Ал аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Төлеген Омаров Мамлютка қаласында стадион салу мәселесін көтерді. Облыс әкімі Ерiк Сұлтанов үстіміздегі жылы бұл мәселе де шешiлетiнiн жеткізді.
Есеп беру кездесуiнен кейiн облыс әкiмi 267 бала бiлiм алатын Мамлютка қаласының өнер мектебiнде болды. Мұндағы жағдаймен етене танысқаннан кейін мектеп ұжымына компьютер мен ноутбук сыйлады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.