Шал ақын ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов бірқатар әлеуметтік нысандарда болып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Алдымен облыс әкімі Жаңажол ауылдық округіндегі “Жаңаталап” шаруа қожалығының алқаптарында болды. Қабдулрахим Хамзин басқаратын шаруашылық 2005 жылы құрылған. Соңғы жылдары егіншілік пен мал шаруашылығын қатар жүргізуде. Агроқұрылым биыл 1,9 мың гектарға дәнді дақыл сіңірген. Қабдулрахим Садақанұлының айтуынша, былтырғы күзгі орақ науқаны кезінде жалпы 2749,8 тонна астық жинап, гектар берекелігі 25 центнерді құраған. Зиянкестер мен арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізген диқан биыл да мол өнімнен үмітті. Шаруа қожалығының техникалық паркінде 7 трактор мен 4 комбайн бар. Олар мүмкіндігіне қарай жаңартылып отырылады. Ал серіктестіктегі бес жұмысшының орташа айлық еңбекақысы 100 мың теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов “Гермес Агро”, “Шал ақын агро”, “Агро Север” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің, “Стимул” және “Альберт” шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесті. Агроқұрылым басшыларымен кездесуде облыс әкімі жарма өнімдерінің үлесін арттыруға кеңес берді. Оның айтуынша, қарақұмық алқабын үш есе ұлғайтып, нәтижесінде өңір қажеттілігін толық өтеу көзделуде. Жергілікті жерде өндірілетін қарақұмық өзге өңірлерден жеткізілетін жармаға қарағанда жиырма пайызға арзан. Қазір облыста бұршақ, арпа, жасымық жармасы сұранысқа ие. Сондықтан астықты өңірде жарма өнімдерін өндіруге басымдық берген жөн.
– Биылғы жаз жаңбырсыз өтуде. Дегенмен, көктемде танап басында таң атырып, күн батырған диқандар күзде мол өнім алады деп ойлаймын. Ол үшін әр шаруашылық өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарап, егін егу технологиясын сақтауға міндетті. Тек сонда ғана нәтиже болады. Көктемгі егіс науқаны кезінде жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлініп, минералды тыңайтқыштар бойынша демеуқаржы қарастырылды. Яғни, мемлекет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Ендігі кезекте ауыл шаруашылығы құрылымдарына қоятын талабымыз – жұмысшылардың орташа айлық жалақысын көтеріп, олардың жақсы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау қажет, – деген Құмар Іргебайұлы шаруашылық басшылары қарамағындағы ауылдарды көркейтуі тиіс екенін ескертті.
Бұдан кейін өңір басшысы Сергеевка қаласындағы Е.Шайкин және П.Гончар көшелерінде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бас мердігер “КоммунСтройСервис” ЖШС-нің директоры Анастасия Антипинаның айтуынша, қос көшедегі орташа жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Қазіргі уақытта 9 жұмысшы 26676 шаршы метр аумақты қалпына келтіруде. Бұл мақсатқа бюджеттен 90 млн. теңге бөлінген. Барлық жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов үстіміздегі жылы аудандардағы 187 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынғанын атап айтты. Әсіресе, талай жылдардан бері тозығы жеткен ауылішілік жолдарға басымдық берілуде.
– Бүгінгі таңда облыс бойынша 74 елді мекенде ауылішілік жол жөнделуде. Осындай жұмыстар Шал ақын ауданында да қолға алынған. Жыл басынан бері ауданда республикалық маңызға ие жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 97,6 млн. теңге игерілді. Ал жергілікті жолдарда 146,7 млн. теңгенің жұмысы атқарылды.
Сапалы ауызсумен қамту мәселесі де біртіндеп шешілуде. Оңтүстіктен қоныс аударған азаматтарға арналған баспаналар салынуда. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғастырылуы керек, – деді өңір басшысы.
Бұдан соң облыс әкімі Жеңіс көшесінің бойында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Спорттық нысанның құрылысы үстіміздегі жылдың мамыр айында басталған. Бюджеттен бөлінген 472,9 млн. теңгенің жұмысы “Өтес Ақтөбе” ЖШС-іне сеніп тапсырылған. Серіктестік директоры Гүлмира Сүлейменова атап айтқандай, қазіргі уақытта 15 жұмысшы нысанның іргетасын қалап, темір бағандар мен қоршау жасау, нысанның қаңқасын тұрғызуға қажетті материалдарды жеткізумен айласуда.
– Соңғы жылдары елімізде азаматтарды саламатты өмір салтына тарту мәселесіне басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де сәтті жүзеге асырылуда. Облыс орталығында ашылған Спорт сарайы, елді мекендерде пайдалануға берілген футбол алаңдары, хоккей қорапшалары және аспан астындағы тренажерлардың арқасында бұқаралық спортпен айналысатын солтүстікқазақстандықтардың саны 30 пайыздан асты. Былтыр бірқатар аудандарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілген болатын. Ал биыл Сергеевка, Саумалкөл, Тайынша, Смирново, Явленка, Новоишимка және Пресновка елді мекендерінде осындай спорт нысандары тұрғызылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен қомақты қаражат бөлінді. Барлық жұмыстар жыл соңына дейін аяқталуы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.
Жалпы, Шал ақын ауданында қаңтар-маусым айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші өңір басшысының көңілінен шықты. Ауданның өндіріс саласы оң көрсеткішке ие. Бұл уақыт аралығында 1453,5 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Екі ірі жоба индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығына қосылған. Атап айтқанда, Сергеевка қаласының жанында 2018 жылдан бері қант зауытының құрылысы жүргізілуде. “ТрансАгроИнвест” ЖШС-і бұл жобаға 3,2 млрд. теңге бөліп отыр. Нәтижесінде 84 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал “Сергеевка сүт өнімдері” ЖШС-і 46 млн. теңгеге сүт өнімдерін шығару цехына жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Ауыл шаруашылығы саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Қаңтар-маусым айларында 2973,8 млн. теңгенің өнімі шығарылса, ет пен сүт өндіру көлемі 1610,6 және 11898,2 тоннаны құраған.
– Үстіміздегі жылдың 6 айында экономиканың әр саласында өсім байқалғанын көріп отырмын. Әсіресе, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласының көрсеткіштері жақсы. Өкінішке қарай, сүт өндіру көрсеткіші 0,4 пайызға ғана артқан. Ауданда тауарлы-сүт фермалары аз. Мұны түзеу керек. Соңғы жылдары өңірімізде сүт өндірісін арттыруға басымдық берілуде. Биыл жалпы 10 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Алдағы жылы тағы 20 кешен салынатын болады. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер бұл бағытта белсенділік танытулары қажет, – деді сөз соңында Құмар Ақсақалов.
Илья КУДРЯКОВ.