
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кеше Аққайың аудандық ауруханасында болды.
Бүгінгі таңда біздің өңірде дәрігерлер тапшы. Қазір облыста 1402 дәрігер жұмыс істейді, қосымша тағы 225 маман қажет. Ал Аққайың ауданында отыздан астам дәрігер тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді, жалпы тәжірибедегі екі дәрігер мен кардиолог маман жеткіліксіз. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кадр тапшылығын жою мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бағдарламалары аясында бірқатар жұмыстар атқарылып, медициналық қызметкерлердің еңбекақысы көбейіп жатқанын алға тартты.
– Қазір біздің салада ең маңызды мәселе – кадр тапшылығы. Көріп отырғанымыздай, екі дәрігердің жұмысын бір дәрігер қатар атқарады. Өкінішке қарай, жалақы төмен болған соң, көп маман жұмыс істегісі келмейді. Бюджеттік медициналық ұйымдардың төмен еңбекақы алатын қызметкерлерінің жалақысы бірінші маусымнан бастап 30 пайызға өседі.Сондай-ақ емдеу мекемесінде бас дәрігерлерге заң аясында мамандардың жалақысын көтере алатындай құқық беру қарастырылуда, – деді министр.
2018 жылдан бастап ауылға жұмыс істеуге келген дәрігерлерге жергілікті бюджеттен бір жарым миллион теңге көтермеақы берілуде. Былтыр 40-тан астам жас маман жұмыс істеуге келген, енді оларға тұрғын үй беру мәселесі қарастырылуда.
Жұмыс сапары барысында Елжан Амантайұлы аудандық аурухананы аралап, емдеу мекемесінің медициналық құралдармен жабдықталуына баса мән берді. Сонымен қатар, ұжыммен әңгімелесіп, дәрігерлердің қабылдауына келген тұрғындардың хал-жағдайын сұрады.
Кездесуде министр жыл соңына дейін әр дәрігердің жүктемесін 1700 адамға дейін азайтуды тапсырды. Бұл дәрігерлердің науқастарға көбірек көңіл бөлуіне және олардың денсаулығына сапалы мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Жиын барысында “Жедел жәрдем” қызметіндегі жаңашылдықтар да ескерусіз қалмады. Елжан Біртановтың айтуынша, қазір “Жедел жәрдемге” қоңырау шалу азайған. “Жедел жәрдем” қызметі тек ауыр науқастарға ғана шақыртылуы тиіс екенін еске салған министр науқастарға емханаларда барлық жағдай жасалып, кезек саны қысқаруы тиіс екенін айтты.
Кездесуде елді мекендердегі дәрігерлік қосындарды медициналық жабдықпен және көлікпен қамтамасыз ету үшін биылдан бастап республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлінетіні туралы да сөз болды.