«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУДАНДЫ ДАМЫТУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимка ауылына жұмыс сапарымен барған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аудандық мәслихат сессиясының жұмысына қатысты. Халық қалаулылары аудан әкімінің лауазымына ұсынылған Ағзам Тастеміровтің кандидатурасын бірауыздан қолдады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары кейін жаңа әкімді аудан активіне таныстырды.

– Ағзам Ахметжанұлы үлкен тәжірибеден өтті, басқаруда қажетті кәсіби білімі бар. Бұл әлеует ауданды дамытуға бағытталуы керек. Жаңа әкімнің артылған сенімді ақтайтынына сенемін, – деді Марат Тасмағанбетов.
Осы күнге дейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірқатар жұмыстардың атқарылғанын тілге тиек еткен Марат Иманбайұлы Петропавл қаласының әкімі болып тағайындалған Болат Жұмабековке жемісті еңбегі үшін алғысын білдірді. Ал жаңа тағайындалған аудан әкімі Ағзам Ахметжанұлына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жөніндегі Жолдауында айтылған және Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген міндеттерді абыроймен атқаруды тапсырды. Ауданның негізгі басымдық берілген саласы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, сонымен қатар инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, көліктік инфрақұрылымды жақсарту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.
Ағзам Ахметжанұлы өзіне көрсетілген сенімді ақтап, адал қызмет етуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді. Аз уақыт ішінде тыңғылықты істер атқарғаны үшін аудан тұрғындары Болат Серікұлына ризашылығын білдіріп, жаңа қызметінде жетістіктерге жетуге тілек білдірді.

Сағыныш ОРАЗБЕКОВА,  журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp