Облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов “Нұр Отан” партиясының Мамлют аудандық филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.
Аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамымен және аудан әкімі Ерболат Бекшеновтің қатысуымен өткен қоғамдық қабылдауда жедел-қызметтік жұмыс жайы сөз болып, аудандық ішкі істер бөлімінің материалдық-техникалық жарақталуы талқыланды.
Өңірдің бас полицейінің қабылдауына 7 адам өз өтініш-тілектерін арқалап келген екен. Мәселен, аудан орталығының тұрғыны аттестаттаудан өте алмаған ұлын аудандық ішкі істер бөліміндегі бұрынғы қызметіне қайта алу туралы өтінішін айта келген. Департамент бастығы оған қызметкерлерді қайта жұмысқа алуға қатысты Ішкі істер министрлігінің талаптарын түсіндірді. Мамлютка қаласының тағы бір тұрғыны Афонькино ауылындағы туыстарының қолды болған жылқыларына қатысты қозғалған істің тергеуін бақылауға алу туралы өтінішін жеткізді. Берік Сұлтанғазыұлы материалдармен танысу үшін істі сұратып алып, аудандық ішкі істер бөлімінің басшылығына аталған істі ашуды қадап тапсырды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Омаров ардагерлер ұйымдарымен байланысты нығайту бойынша ауданда атқарылған жұмыстар жайында баяндады.
Мәдина БАЛҒАШОҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті бастығының баспасөз хатшысы.