«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЛА СЫПЫРУШЫНЫ ЕМЕС, ӨЗ АЙЛЫҒЫН ҚЫСҚАРТСЫН

Облыстық «Soltustik Qazaqstan» газетінің 12 наурыздағы санында «Газет-журнал неге кешігіп жетеді?» деген тақырыппен жарық көрген сын мақалада жергілікті пошта жүйесінде қалыптасқан бірқатар түйткілдер қозғалған екен. Бәлкім, жағдай «Қазпошта» АҚ төрайымы Әсел Жанасова сипаттағандай жақсы шығар. Ал өңірлер мен ауылдар «шықпа жаным шықпаның» күйін кешіп отыр десем, артық айтқандық емес.

Мен – кіндігім кесілгеннен ауылда ғұмыр кешіп келе жатқан қарапайым еңбек адамымын. Жас кезімнен көркем, әдеби туындыларды бас көтермей оқитын әдет қалыптасқан. Жаздырып алатын газет-журналдың қолыма уақытылы тигенін қалаймын. Зейнетақыдан жырып, жаздырып алған соң мерзімінде жеткізілуін талап етуге толық құқылымын. «Жас Алаш» (бұрынғы «Лениншіл жас») – ежелгі ажырамас серігім. Жеке мұрағатымда «Егемен Қазақстан» (Мүйізді мүйіс), «Жас Алаш» («Сүзеген сөз») газеттері сақтаулы. Кезінде «Сүзеген сөз» арқылы оқырманға танылып, қазақ сатирасының сардары Көпен Әмірбековтен бата алғанмын. Кітабыма алғы сөзді Көпекең жазған болатын.

Осыдан бірер жыл бұрын «Жас Алаш» газетіне «Казпошта» басшысының айлық жалақысы жайлы мағлұмат берілді. Тоқсан сайын алып отыратын сыйақысын қосқанда Әсел ханымның жалақысы екі миллион теңгеге жуықтайтын көрінеді. Саланың табысы шаш-етектен болса, алғаны ас болсын дер едім. Өкінішке қарай, арбасы ауып, түйесі шөгіп жатқан АҚ төрайымы не себепті «миллионер» атанып отырғаны түсініксіз. Енді аттың басын теріскейге, өзіміздің өңірге бұрайын. «Мақтаулы» республикалық мекемеге қарасты филиалда соңғы үш жылда бірнеше басшы ауысқан. Әр жыл сайын келіп-кететін Аяз аталар сияқты. Алғашқысы – Бекберген Ілесұлы, сосын – Нүркен Иманбайұлы. Ештеңе өзгере қойған жоқ. Бәрі баяғы таз қалпында. Шал ақын ауданының бөлімшесінде де үш жылда үш басшы төбе көрсетті. Рамазан Мұратбеков дегені берекесі кетіп, қиюы қашқан бөлімшенің жағдайын түзеуге қауқары жетпей, табандарын жалтыратты. Есептегі төрт көліктің екеуі пайдалануға мүлдем жарамсыз. Қалғандарын қосалқы бөлшек қамтамасыз етуге филиал қауқарсыз. Екі көлікке қыста жүретін төрт дөңгелек бергенде жүргізушілер әйелдері ұл тапқандай қуанғандарын көрсең!

Ендігі бір проблема – жалақының мүлдем мардымсыздығы. Қыстың алғашқы айларында бөлімше ғимаратындағы халыққа қызмет көрсететін төрт «терезе» жабылып, қызметкерлер өз «еріктерімен» жұмыстан шығып кеткен. Хат тасушылар 0,5-0,25 мөлшерлеме бойынша істеуге мәжбүр, ақшаға шаққанда 25-30 мың теңге шамасында. Ширек ғасырға жуық осы саланың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген келіншекті сөзге тарттым. Аты-жөнін жазбауды өтінген ол айлығының шайлығына жетпейтінін айтып шағымданды.

Жуырда бөлімшеге жаңа басшы келді, елдің азаматы болған соң қазақтың дәстүрімен сәлем бере бардым. Асқар Оралұлы деген бауырымыз ізеттілікпен қарсы алып, жағдаймен таныстырды. Көліктер бір жүріп, бір сынып, діңкелетіп тұр екен. Тиісті мекенжайға хат-хабардың кешігіп жетуінің бір себебі – осы. Мен тұратын Ысқақ Ыбыраев атындағы ауыл аудан орталығынан он екі шақырым қашықтықта ғана. Іргедегі елді мекенге бақандай үш күн кешіксе, шалғайдағылар жөнінде не деуге болады? Мен барған күні бас есепші мен кассир жұмыстан кетеміз деп арыздарын алып келді. Жаңа басшының жаны алқымға келіп, екі аяғы бір етікке тығылып жатқанда облыстық филиалдан «аула сыпырушыны қысқарт» деген пәрмен алған.

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары көрші Кеңес ауылында Байжан Есалин деген майдангер пошташы болды. Бір қолы иығынан жоқ. Сау қолымен атын жазда арбасына, қыста шанасына жегіп, бәріне үлгеретін. Қазір ше? он екі мүшесі сау шенеуліктер халықтың мұңы мен мұқтажына жете көңіл бөлуді естен шығарып алған тәрізді.

Мақала компьютерде теріліп жатқанда облыстық пошта қызметінің директоры Сымбат Құдайбергеновтің Шығыс Қазақстан облысына ауысқаны, оның орнын Болатбек Мұқашев деген азаматтың басқаны белгілі болды. Қосылғыштардың орнын ауыстырғаннан қосынды өзгере қойса жарады. Әлде ауылдағы пошта қызметінің жағдайы жаңғырудың орнына «баяғы жартас сол жартас» күйінде қала ма?

Қойшыбай ШӘНИЕВ,

сатирик, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp