«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУРУХАНАДА КӨЗ ЖҰМДЫ

Осыдан он күн бұрын жұмыс барысында күйік шалып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген Пет­ропавлдағы №2 жылу-электр орталығының қазандық машинисі қайтыс болды. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнәр Сайлауқызы­ның айтуынша, 42 жастағы ер адам орталықта 7 жыл жұмыс істеген. 7 қаңтар күні кәсіпорында қызып тұрған шоқтың үстіне құлаған оның денесінің 80 пайызы күйіп қалып, зардап шегуші емдеу мекемесіне жеткізілді. Жергілікті ауруханада интенсивті терапиядан өткен ол үш күннен соң туысқандарының өтінішімен Ресейдің Омбы қаласына емдеуге ауыстырылды. Өкінішке қарай, ресейлік дәрігерлер өмірі қыл үстінде тұрған науқастың жанын сақтап қала алмады. 

Аталмыш орталықтың бас инженерінің міндетін атқарушы Вадим Ягодин атап өткендей, жұмысшы қазандықтан күл шығару кезінде зардап шеккен. “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамының мамандары науқасқа қажетті дәрі-дәрмек және қан тапсыру бойынша көмек көрсетті. Сондай-ақ, зардап шегушіні Омбыдағы күйік орталығына жеткізіп, ем-домының ақысын төледі. Компания басшылығы марқұмды жерлеу шығындарын өз мойнына алды.
Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы бас­қармасының мамандары аталған факті бойынша тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp