«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауруханаға жасалған шабуыл

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен келген мына хабарға таң қалмасқа лажың жоқ. Онда Есіл ауданының бір тұрғыны аудандық ауруханаға келіп, дәрігерлерді ұрып, одан соң «жедел жәрдем» көлігін айдап әкетпек болғаны туралы айтылады.

37 жасар адам мас болған. Бірақ неге нақты ауруханаға шабуыл жасағаны және дәрігерлерді неге ұрғаны туралы айтылмаған.
Полицияның хабарына қарағанда, ол сол аурухананың бір «жедел жәрдем» көлігін шопырынан тартып алып, мініп кеткен. Сосын басқа жерде тұрған «ВАЗ 2121» қызметтік автокөлігіне соғылып, тоқтаған. Соңынан келген жүргізушіні де соққыға жыққан. Шақырту бойынша жеткен учаскелік полиция инспекторы ғана оны күшпен ұстаған.
Есіл ауданы полиция бөлімінің бастығы, подполковник Ерлік Есләмбеков аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің шаралары басталғанын мәлім етті. «Құқық бұзушы Қылмыстық кодекстің «Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» туралы айтылған 200-ші бабы бойынша айыпталуда. Сонымен қатар оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бабы бойынша хаттама толтырылды. Сотқа дейінгі тергеу бұзушы 20 тәулік әкімшілік қамау жазасын өтегеннен кейін жалғасатын болады. Жүргізушіні соққыға жығу фактісі бойынша процессуалдық шешім сот-медициналық сараптамасынан кейін қабылданады», деді ол.

 

 https://egemen.kz 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp