«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУРУХАНАҒА ЖАТУ – АЗАП

Қаладағы ауруханалардың бірінде өзара күбірлесіп отырған қос қарияны көзім шалды. “Тағы да тосу керек”, – деген қарттың дауысынан оның ренішін аңғару қиын емес. Көңілі қамыққан қариялардың қасына баруым мұң екен, жанын жабырқатып жүрген мәселелердің тізгінін ағытты. Әңгіменің жай-жапсарынан оның біраз уақыттан бері ауруханаға жатып емделе алмай жүргенін түсіндім.

– Балам, жастық шақ қайта келмейді ғой. Бұрынғы дәуренді аңсағанмен, қолдан келер қайран жоқ. Жас ұлғайған сайын денсаулық сыр беруде. Бірнеше ай бұрын дәрігерлер жүрекке ота жасау керек екенін айтқан болатын. Содан бері аурухананың табалдырығын тоздырумен жүрмін. Әр он күн сайын сараптамадан өту керек. Олай етпесем, мерзімі өтіп кетеді. Әйтеуір, мұнда келген сайын бір сылтау табылады. Өзге ауруларды айтпағанда, жүрек дерті бойынша жоспарлы ем алу қиын болып тұр, – деп күйінді Жамал Темірқызы.
Медицина ғылымы қарқынды дамып, денсаулық сақтау жүйесінде түбегейлі өзгерістер орын алса да, неге мұндай кемшіліктерге жол беріледі деген сауал әркімнің көкейінде қылаң берері сөзсіз. Бұл саланы көш ілгері дамытуды көздеген Денсаулық сақтау министрлігі 2010 жылы Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізгені баршамызға белгілі. Бірыңғай денсаулық сақтау бағдарламасы Сингапурдың тәжірибесінен алынған. Медициналық ұйымдарды еркін таңдау, емдеу мекемелері арасында нарықтық бәсекелестікті тудыруды, медициналық мекемелердің сапалы және қолжетімді көмек көрсетуін қамтамасыз етуді көздеген бұл жүйенің бір ізге түсе алмағанына кейбір тұрғындар наразы. Бұл салада күрмеуі қиын түйткілдер көп екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Десе де, алдағы уақытта тұрғындарға медициналық көмек көрсету жіті назарда болатынын айтқан Мемлекет басшысы биыл денсаулық сақтауға республикалық бюджеттен бір триллион теңгеден астам қаржы бөлінгенін жеткізді. Сондықтан медицина саласында түбегейлі өзгерістер орын алады деп күтілуде. Өңір тұрғындарының бүгінге дейін қарапайым медициналық қызметтерге қол жеткізе алмай отырғанынан хабардар Президент азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерін жіті бақылауда ұстауы көп жайды аңғартады. Денсаулық сақтау саласын жетілдіруде порталға кезекке тұру мәселесі де назардан тыс қалмайтынына тұрғындардың үміті зор.
Қоғамда қанша адам болса, сонша пікір бар. Бірі бұл жүйенің қолданысқа енгізілуін жұмысты оңтайландыруымен байланыстырса, енді бірі оны сынға алуда. Сондықтан екі пікірді де жоққа шығара алмаймыз.
Бұл күрмеуі қиын мәселеге қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевке жолығып, порталдың жұмысы мен тәртібі туралы сауал қойдық.
– Ауруханада науқастарға шұғыл және жоспарлы ем жүргізіледі. Біздегі сырқаттардың 70 пайызы ауруханаға шұғыл түрде түседі. Ал жоспарлы ем қабылдау үшін олар алдымен дәрігердің тексеруінен өтуі шарт. Медициналық қызметкер кез келген адамды ауруханаға жатқыза алмайды. Барлығы дәрігерлік талап пен тәртіп бойынша жүзеге асады, – деген Тимур Сламжанұлы жоғары қан қысымы, жарақаттану, жүрек-қан тамырлары мен хирургиялық және тағы басқа ауруларға медициналық көмек дер кезінде көрсетілуі тиіс екенін жеткізді. Оның айтуынша, ауруханаға жатқызу порталы электронды тіркеу жүйесін, есепке алу, өңдеу және жоспарлы түрде ауруханаға науқастарды жолдауды жүзеге асырады. Оның басты мақсаты – дәрігерді және аурухананы таңдау құқығы берілген науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету болып табылады. Портал арқылы ауруханалардағы бос төсек орны туралы, науқастарды жоспарлы ауруханаға жатқызу үшін күту парағы және науқастардың жатқызылғаны туралы ақпараттарды да осы порталдан білуге болады.
Басқарма басшысы республикалық деңгейдегі медициналық мекемелермен салыстырғанда, облыстағы ауруханаларда жоспарлы ем қабылдау үшін портал кезегіне тұру қиындық тудырмайтынын алға тартты. Кезекте тұрған сырқаттың 67 пайызы 1-3 күннің ішінде ауруханаға жатқызылатынын айтқан ол статистикалық көрсеткіштерге де баса мән беруді өтінді. Мәселен, жыл басынан бері облыстық ауруханаға 1396 адам түссе, соның 706-сы портал арқылы үш күннің ішінде ауруханаға жатқызылған. Қазіргі уақытта 700 адам кезекте тұр. Оның 82 пайызы келесі он күннің ішінде ауруханаға жатуы тиіс. Тимур Сұлтанғазиев кейде ревматологиялық, хирургиялық, кардиологиялық, қан-тамырлар жүйесі аурулары бойынша портал кезегін бірнеше ай тосатындардың бар екенін де жоққа шығармады. Өйткені, науқастарды күрделі отаға дайындауға біршама уақыт қажет.
– Кез келген науқас отаға психологиялық, физиологиялық тұрғыдан дайын болмайды. Физиологиялық тұрғыдан қарастырсақ, адамның басқа да сырқаты болуы мүмкін. Егер қант мөлшері, қан қысымы жоғары болса, дәрігерлер біршама уақыт оның жағдайын бақылауда ұстайды. Ағза қалпына келмейінше, науқасқа ота жасалмайды. Ал дәрігердің асығыс шешім қабылдауына жол берілмеуі тиіс. Оның соңы үлкен қайғыға әкелуі мүмкін, – деген Тимур Сұлтанғазиев ауруына араша сұраған жандардың дені бұл жүйенің тәртібін түсінбейтінін жеткізді. Ол жоспарлы ем-домға дейін, алдымен, өзге сырқаттан айығуы тиіс науқастардың әр он күн сайын сараптамадан өтіп, дәрігердің қабылдауына жиі баруын осы себеппен түсіндірді.
Әрине, пенде болған соң дер кезінде ем жүргізілгенін қалаймыз. Сондықтан ауруханаға жату үшін рәсімделетін шараға қарапайым тұрғындардың көңілі толмайды. Он жылға жуық жұмыс істеп келе жатқан жүйе әлі де бір ізге түсе қоймағанын аурухана дәлізіндегі ұзын сонар кезектен-ақ аңғаруға болады. Жоспарлы госпитализациялау бюросының пайдасын көрдім дейтін жандардың сирек кездесуі де көп жайдан хабардар етеді. Десе де, науқастарды ауруханаға жатқызу порталы денсаулық сақтау саласының жетістігі екенін алға тартқан дәрігерлер басы ауырып, балтыры сыздаған адам, ең алдымен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемесінің мамандарына қаралуы тиіс екенін айтты. Егер тексеруден кейін науқас ауруханаға жатқызылуы тиіс деген қорытынды шығарылса, учаскелік дәрігер қажетті құжаттарды әзірлейді. Порталға сырқат туралы мәліметтер тіркелгеннен кейін тиісті аурухана арнайы жолдаманы әзірлейді. Жолдаманы алған соң науқас белгіленген уақытта таңдаған ауруханасына барып жатады. Кейбір жағдайда емдеу мекемесіндегі орынға байланысты порталда адамдардың ем қабылдау уақыты автоматты түрде анықталады.
Республикалық медициналық клиникалар мен орталықтарда да жоспарлы ем қабылдау аталмыш портал арқылы жүзеге асатынын айтып өткен жөн. Ал науқастар жолдаманың қолға тигенін апталап, кейде айлап күткенде алқымнан алған аурудың асқынып кетпесіне кім кепіл? Бұл – жүйенің осал тұсы. Өйткені, қаншама адам ауруханаға жатудың машақатын көруде. Әсіресе, дәрігер тапшы шалғай аудан тұрғындары үшін порталға тұрудың қиындығы айтпаса да түсінікті. Облыс орталығына әрі-бері сандалып, қажетті маманның көмегіне жүгінуге олардың мүмкіндігі жоқ. Сараптама қорытындысы ескіріп қалса, облыс орталығына қатынамақ түгіл, кейбір науқастың ауданға баруының өзі үлкен мәселе. Шалғай ауылдарды айтпағанда, іргедегі Қызылжар ауданынан әр он күн сайын облыс орталығына қатынайтын Асылбек Смағұлұлы соңғы айларда порталға тұрудың машақатын көріп, асқазандағы жара мен өзге де себептерге байланысты бүйрегіне ота жасата алмай жүр.
…Портал мәселесі шешімін тапса да, кейбір сараптамалардың көрсеткіштерін реттемейінше, оған ота жасау әзірге мүмкін емес. Әрі-бері сандалып, порталға тұрудың қиындығын көрген еңбек ардагері Шұғайып Көшербаев та жоспарлы емдеу жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екенін алға тартты.
– Мен порталға тұрудың машақатымен 2013 жылдан бері таныспын. Содан бері осы үрдіс қайталануда. “Баяғы жартас – бір жартас” демекші, бұл жүйе әлі бір ізге түскен жоқ. Емдеу мекемелерінде сырқат саны көп, кезек те аз емес. Медициналық көмек көрсетуде бюрократизмге жол берілген. Өйткені, порталға тұру үшін сараптамадан өту өз алдына, дәрігерлердің қабылдауына жазылу мен кіру қиын. Қаншама адам жоспарлы ем алу үшін порталдың қиындығын көруде. Бір басында бірнеше сырқаты бар мен сияқты жағдайы ауыр науқастар порталға тұруы үшін медициналық қызметкерлердің кабинеттерін тоздыруда. Әсіресе, өздігінен жүріп-тұра алмайтын сырқаттарға, тіпті қиын. Ауруханаға жатып, жоспарлы ем алу үшін бұрынғыдай жолдама берілсе жақсы болар еді, – деді ол.
Портал кезегін күткен науқастар үшін әр күннің маңызды екендігі айтпасақ та белгілі. Алайда, ауру алқымынан алғандарға осындай ортақ тәртіпке бағынудан басқа амал жоқ. Ал кезегі көпке дейін жылжымай, ауруы асқына түссе, оған кім жауап береді?! Сұрақ көп, жауап жоқ.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА, “Soltústik Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp