«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУРУ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

Туберкулез – жұқпалы ауру. Ең жиі кездесетін түрі – өкпе туберкулезі. Көп жағдайда сырқат белгісі науқас адамға білінбей басталады да, тек қана манту қойғанда, қақырықты “Кох таяқшасына” тексергенде немесе флюорографиялық тексерістен өткенде табылады. Біздің халықта егде тартқан адамдарға туберкулез жұқпайды деген ұғым бар. Бұл дұрыс емес. Туберкулез жас талғамайды және әр жастағы адам ауырады, адам ағзасының әртүрлі органдарын зақымдайды. Ол адам ағзасына туберкулез микобактерияларының кіруінен дамиды. Одан көбіне өкпе, ал кейбір жағдайларда бүйрек, сүйектер, ми және оның қабыршықтары, ішектер мен жыныс мүшелері және басқа органдар зақымданады. Бірақ туберкулездің жайылуы тыныс алу мүшелерінде жиі болады. Біздің облыста ауырғандардың 96,1 пайызы тыныс алу органдарының туберкулезін жұқтырған.


Туберкулез микобактериялары ауру жұқтыратын қасиетін сақтап, сыртқы ортада көп өмір сүреді. Ол тек жоғары температурада өледі, хлоры бар заттар және оларға тура күн сәулесі түскенде жойылады.

Ағзадан тыс жерде микробтар көбеймейді, бірақ өзінің өмір сүргіштігін ұзақ уақытқа сақтап қалады. Бактериялар өмір сүргіштігін көше шаңында 10 күнге, кітап беттерінде 3 айға, науқастың киімдерінде және іш киімінде 3-4 айға, суда 5 айға, ал қарда одан да көп сақталады.

Туберкулез науқас адамнан сау адамға жөтелгенде, түшкіргенде, әңгімелесу кезінде ауыздан ұсақ, көзге көрінбейтін шырыш тамшылары ұшып, сол арқылы беріледі.

Туберкулезді жұқтырған адам ауру болып саналмайды, жұқтырған адамдардың 90 пайызы ауырмайды. Егер науқаспен қатынас ұзақ және жиі болса, жұқтыру қаупі артады. Ауру адамның иммунитеті әлсіреген жағдайда күшейеді. Туберкулездің белгілері: жөтел, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тершеңдік, тәбеттің төмендеуі, шаршау, салмақ жоғалту, кеуде қуысының ауыруы.

Туберкулездің белгілеріне көбі көңіл аудармайды және медициналық көмекке жүгінбейді, ал бұл аурудың емделмейтін түріне әкеліп соғады. Сондықтан аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда, кідірмей дәрігерге қаралу қажет. Туберкулез науқастарын уақтылы анықтау мақсатында елімізде туберкулез ауруына шалдыққыш тұлғалар міндетті түрде жыл сайын ақысыз медициналық тексеруден өтеді.

Егер ауру уақтылы анықталған болса, емдеу медицина қызметкерінің бақылауымен жүргізілсе және үзілмесе, онда науқас сауығып кетеді. Емдеу тәртібі бұзылғанда, дәрі-дәрмек қабылдау кезінде үзіліс болғанда туберкулез созылмалы, емделмейтін ауру болып қалыптасады. Аурудың алдын алу мақсатында науқастың туыстары және басқа қатынаста болған тұлғалар сақтанудың шараларын жасауы қажет: туберкулездің жұқпалы түрін анықтағанда науқасты жедел түрде туберкулезге қарсы диспансерге стационарлық емдеуге жатқызу қажет; науқас басқа адамдармен қатынастарын азайтуы қажет, әсіресе, балалармен, жеке заттары болуы керек, ас ішетін ыдыстар, төсек орын керек-жарағы, осының бәрі үнемі зарарсыздандырылуы керек; жөтелгенде және түшкіргенде ауызды жабу қажет, соңынан зарарсыздандырылатын қақырық жинайтын түкіргішті пайдаланған жөн; науқас жататын бөлме желдетілуі керек.

Әділхан ЖЫЛҚАЙДАРОВ,

облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің

бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp