
Өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында елді мекендерді сумен қамтамасыз ету және кәмелеттік жасқа толмағандар тәрбиесі мен ерте жүктіліктің алдын алу шаралары туралы мәселелер қаралды.
Бүгінгі таңда облыс бойынша тұрғындардың орталықтандырылған сумен жабдықталуы 88 пайызды құрайды. Ал ауылдар бойынша бұл көрсеткіш – 55,8 пайыз, өңір тұрғындарының 0,2 пайызы суды тасып ішеді. Былтыр елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 4,9 миллиард теңгенің жұмысы жүргізілді. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4,2 миллиард теңге жұмсалды. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында былтыр сумен жабдықтау бойынша 34 жоба жүзеге асырылды. Ақжар ауданына қарасты Дәуіт, Казанское, Үлгілі, Қызылту ауылдарында сумен жабдықтау нысандары қайта қалпына келтіріліп, құрылыс жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Аққайың, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар, Тайынша, Уәлиханов аудандары бойынша да су тарату нысандары жөнделді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Есіл, Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарға қарасты үш ауылға су берілді. 35,8 мың тұрғыны бар 41 елді мекенде сумен жабдықтау жақсарғанын атап көрсеткен баяндамашы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тасмұрат Қатқадамов биылғы жылы Тайынша қаласы мен Мағжан Жұмабаев ауданының Бастомар, Конюхово, Майбалық ауылдарында құны 403,7 миллион теңге тұратын су тарату желілерінің құрылысы мен қайта қалпына келтіру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жергілікті бюджет есебінен Уәлиханов ауданының Жасқайрат, Қаратерек ауылдарын сумен жабдықтау бойынша екі жоба жүзеге асырылмақ. Ал үстіміздегі жылы “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында Петропавл қаласында су бұру жүйелерін қайта қалпына келтіру үшін Ұлттық қордан 3 миллиард 287 миллион теңге бөлінді. Барлық қаржы көздері есебінен бес ауылға су беріліп, облыстың 14 елді мекенінде сумен жабдықтау жақсартылатын болады. Жүргізіліп жатқан жұмыстың нәтижесінде жыл соңына дейін ауылдардың орталықтандырылған сумен жабдықталуын 56,6 пайызға жеткізу көзделуде.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі бойынша барлық аудан әкімдері мен тиісті ұйымдарға жұмысты ширақ істеуі қажет екенін айтып, нақты тапсырмалар берді.
Ал күн тәртібінде қаралған келесі мәселе бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпәш Қалғожина кәмелеттік жасқа толмағандарға жыныстық зорлық-зомбылық көрсетудің алдын алу бойынша 2015-2017 жылдарға арналған ведомствоаралық әрекет ету жоспары жүзеге асырылып жатқанын айтты.
Қазіргі күні жалпы білім беретін мектептерде 438 психолог пен 416 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Білім беру мекемелерінде 464 медициналық кабинет бар. Өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту мақсатында білім беру ұйымдарында түрлі семинар-тренингтер, сынып сағаттары, ата-аналар жиналысы ұйымдастырылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Рашида Иванованың айтуынша, облыста 19675 жасөспірім болса, оның 9990-ы – қыздар. 2016 жылдың өткен мерзімінде 15-тен 18 жастағы жасөспірімдер арасында 47 жүктілік оқиғасы тіркелген.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.