«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

 АУЫЗСУСЫЗ АУЫЛ ҚАЙТІП КҮН КӨРЕР?

Жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде әлеуметтік-экономикалық даму оң серпін көрсетті. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында осы кезеңге қатысты негізгі көрсеткіштер мен жобалар талқыланды.

Жарты жыл ішінде облыс экономикасы­ның өсімі 11,8 пайызды құрады. Бұл өңір экономикасының тұрақтылығын және даму әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.

Отырыста облыс әкімі инвестициялық жобалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лығы, жол және тұрғын үй құрылысы сала­ларындағы жобаларды уақытында әрі то­лық игеруді тапсырды.

Сонымен қатар әкімдік отырысында ауызсумен қамту мәселесі кеңінен қарал­ды. Бүгінде облыстағы 502 ауыл немесе 257 мың адам таза сумен қамтамасыз етіл­ген. Бұл – ауыл тұрғындарының 97,5 па­йызы. Дегенмен әлі тұрақты су желісі қа­жет 88 ауыл бар. Бұл мәселені шешу үшін 37 ауылда орталықтандырылған су желі­лерін тарту жұмыстары аяқталса, 46 ауыл­да кешенді блок-модульдер орнату жос­парланған. Аталған жобаларға Үкіметтің қолдауымен 74 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 45 млрд.теңгесі арнайы мемле­кеттік қор есебінен төленген.

Су ресурстары және ирригация ми­нистрлігі өңірде 9 ірі жобаны жүзеге асы­рып жатыр. Бұл жобалар Преснов, Соко­лов, Есіл (екі жоба), Булаев (төрт жоба) және Көкшетау топтық су құбырларын салу мен жаңғыртуды қамтиды. Осы мақ­сатқа биыл Ұлттық қордан 11,7 млрд. тең­ге бөлінді және әлеуметтік маңыздылы­ғын ескере отырып, қосымша арнайы мемлекеттік қордан 30,3 млрд. теңге қа­растырылған. Жалпы қаржы көлемі – 42 млрд. теңге.

«Преснов топтық су құбырын қайта жаңғыртудың бірінші кезеңінде 12 ауылға таза су жетеді. Жоба екі жылға шақталған. Жалпы құны – 16,3 млрд. теңге. «Қазсу­шар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны – бас мердігер. Бүгінде қаражат­тың 5,9 млрд. теңгесі игерілді. Құрылыс жұмыстары Становое, Искра, Мальцево, Новомихайловка, Петровка, Бексейіт, Воскресеновка, Андреевка ауылдарында және Мамлютка қаласында жүргізіліп жа­тыр. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша 3,9 млрд. теңге қажет», – деді «Есіл су» РМК облыстық филиалының директоры Қанат Асқаров.

2018 жылы басталған Соколов топтық су құбыры мен ауылішілік желілерді салу жобасы аясында биыл құрылысқа 3,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Новокаменка, Архангелка, Кустовое, Сивково-Виногра­довка, Пеньково, Долматово және Желя­ково ауылдарында жалғасқан. Келесі жылы жұмыс толық аяқталады.

Булаев және Есіл топтық су құбырла­рында тозығы жеткен 341 шақырым желі жаңартылуы тиіс. Жоба құны – 21,6 млрд. теңге. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр, биыл аяқталады. Ал Көкшетау топтық су құбырынан 24 ауылға су тартылады. Жо­баны жүзеге асыруға 7,3 млрд. теңге қа­жет. Тайынша ауданының 14 елді мекені­не де таза су жетеді. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Былтыр 371 млн. теңге игерілді, қалған 13,1 млрд. теңге осы жылы бөлінді. 175 шақырым құбырдың 85 шақырымы салынған. Ал Ақжар ауданындағы 5 ауыл­ға су тарту үшін 162 шақырым құбыр төсе­леді. Жалпы құны – 7,4 млрд. теңге. Бұл жоба келесі жылы аяқталмақ.

Петропавлдағы жағдай да назардан тыс қалмады. Қалада көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар 100 пайыз орта­лықтандырылған су жүйесіне қосылған. Яғни, балабақша, мектеп, аурухана – бәрінде таза су бар.

«Қызылжар су» кәсіпорнының мәлі­метінше, бүгінде қаладағы су құбыры желілерінің ұзындығы – 344 шақырым. Соның жартысынан астамы – яғни, 58,5 пайызы тозған. Ал кәріз жүйесінің ұзын­дығы 257 шақырым болса, оның 61,6 па­йызы ескірген. Бұл – алдағы жылдары жа­ңарту жұмыстарын жүйелі жалғастыру қажет екенін көрсетеді.

Петропавлда 97 мыңнан астам абонент бар. Соның 96 пайызы – тұрғындар, қалға­ны – мекемелер мен кәсіпорындар. Қалада­ғы 1152 көпқабатты үйдің бәрі орталық су жүйесіне қосылған.

Жеке сектор тұрғындары да назардан тыс қалған жоқ. 17 мыңнан аса үйдің бәрінде су бар. Оның ішінде 60 пайызы үй ішіне су тартып алған, ал қалғандары кө­шедегі су колонкаларын пайдаланады. Мұндай колонкалардың саны – 563 дана, жеткілікті.

Биыл «Қызылжар су» кәсіпорны 364,8 миллион теңгенің инвестициялық бағдар­ламасын бекітті. Соның аясында 2 шақы­рым 230 метр су құбыры жөнделеді, 1 ша­қырым 70 метр кәріз желісі жаңартылады. Әкімдік отырысының қорытындысы бо­йынша облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекеттік органдар мен мердігер ұйым­дарға бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын, барлық су жобалары­ның уақытында аяқталуын және кейін үздіксіз пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp