Жылдың алғашқы жартыжылдығында өңірде әлеуметтік-экономикалық даму оң серпін көрсетті. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында осы кезеңге қатысты негізгі көрсеткіштер мен жобалар талқыланды.
Жарты жыл ішінде облыс экономикасының өсімі 11,8 пайызды құрады. Бұл өңір экономикасының тұрақтылығын және даму әлеуетінің жоғары екенін көрсетті.
Отырыста облыс әкімі инвестициялық жобалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол және тұрғын үй құрылысы салаларындағы жобаларды уақытында әрі толық игеруді тапсырды.
Сонымен қатар әкімдік отырысында ауызсумен қамту мәселесі кеңінен қаралды. Бүгінде облыстағы 502 ауыл немесе 257 мың адам таза сумен қамтамасыз етілген. Бұл – ауыл тұрғындарының 97,5 пайызы. Дегенмен әлі тұрақты су желісі қажет 88 ауыл бар. Бұл мәселені шешу үшін 37 ауылда орталықтандырылған су желілерін тарту жұмыстары аяқталса, 46 ауылда кешенді блок-модульдер орнату жоспарланған. Аталған жобаларға Үкіметтің қолдауымен 74 млрд. теңге бөлінді, оның ішінде 45 млрд.теңгесі арнайы мемлекеттік қор есебінен төленген.
Су ресурстары және ирригация министрлігі өңірде 9 ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл жобалар Преснов, Соколов, Есіл (екі жоба), Булаев (төрт жоба) және Көкшетау топтық су құбырларын салу мен жаңғыртуды қамтиды. Осы мақсатқа биыл Ұлттық қордан 11,7 млрд. теңге бөлінді және әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, қосымша арнайы мемлекеттік қордан 30,3 млрд. теңге қарастырылған. Жалпы қаржы көлемі – 42 млрд. теңге.
«Преснов топтық су құбырын қайта жаңғыртудың бірінші кезеңінде 12 ауылға таза су жетеді. Жоба екі жылға шақталған. Жалпы құны – 16,3 млрд. теңге. «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны – бас мердігер. Бүгінде қаражаттың 5,9 млрд. теңгесі игерілді. Құрылыс жұмыстары Становое, Искра, Мальцево, Новомихайловка, Петровка, Бексейіт, Воскресеновка, Андреевка ауылдарында және Мамлютка қаласында жүргізіліп жатыр. Жобаны толық аяқтау үшін қосымша 3,9 млрд. теңге қажет», – деді «Есіл су» РМК облыстық филиалының директоры Қанат Асқаров.
2018 жылы басталған Соколов топтық су құбыры мен ауылішілік желілерді салу жобасы аясында биыл құрылысқа 3,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Новокаменка, Архангелка, Кустовое, Сивково-Виноградовка, Пеньково, Долматово және Желяково ауылдарында жалғасқан. Келесі жылы жұмыс толық аяқталады.
Булаев және Есіл топтық су құбырларында тозығы жеткен 341 шақырым желі жаңартылуы тиіс. Жоба құны – 21,6 млрд. теңге. Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр, биыл аяқталады. Ал Көкшетау топтық су құбырынан 24 ауылға су тартылады. Жобаны жүзеге асыруға 7,3 млрд. теңге қажет. Тайынша ауданының 14 елді мекеніне де таза су жетеді. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Былтыр 371 млн. теңге игерілді, қалған 13,1 млрд. теңге осы жылы бөлінді. 175 шақырым құбырдың 85 шақырымы салынған. Ал Ақжар ауданындағы 5 ауылға су тарту үшін 162 шақырым құбыр төселеді. Жалпы құны – 7,4 млрд. теңге. Бұл жоба келесі жылы аяқталмақ.
Петропавлдағы жағдай да назардан тыс қалмады. Қалада көпқабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар 100 пайыз орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Яғни, балабақша, мектеп, аурухана – бәрінде таза су бар.
«Қызылжар су» кәсіпорнының мәліметінше, бүгінде қаладағы су құбыры желілерінің ұзындығы – 344 шақырым. Соның жартысынан астамы – яғни, 58,5 пайызы тозған. Ал кәріз жүйесінің ұзындығы 257 шақырым болса, оның 61,6 пайызы ескірген. Бұл – алдағы жылдары жаңарту жұмыстарын жүйелі жалғастыру қажет екенін көрсетеді.
Петропавлда 97 мыңнан астам абонент бар. Соның 96 пайызы – тұрғындар, қалғаны – мекемелер мен кәсіпорындар. Қаладағы 1152 көпқабатты үйдің бәрі орталық су жүйесіне қосылған.
Жеке сектор тұрғындары да назардан тыс қалған жоқ. 17 мыңнан аса үйдің бәрінде су бар. Оның ішінде 60 пайызы үй ішіне су тартып алған, ал қалғандары көшедегі су колонкаларын пайдаланады. Мұндай колонкалардың саны – 563 дана, жеткілікті.
Биыл «Қызылжар су» кәсіпорны 364,8 миллион теңгенің инвестициялық бағдарламасын бекітті. Соның аясында 2 шақырым 230 метр су құбыры жөнделеді, 1 шақырым 70 метр кәріз желісі жаңартылады. Әкімдік отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мемлекеттік органдар мен мердігер ұйымдарға бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуын, барлық су жобаларының уақытында аяқталуын және кейін үздіксіз пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».