Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту мәселелерін жалғастыруды басты мақсаттардың бірі етіп көрсетті. Қазақстандықтарды сапалы ауызсумен қамтамасыз ету халықтың денсаулығын жақсартудың аса маңызды жолы болып табылады. Осыған орай “Таза ауызсу”, кейін “Ақ бұлақ” мемлекеттік бағдарламалары жасалып, жүзеге асырыла бастады. 2020 жылға дейін республика бойынша ауызсуға қолжетімділік деңгейін қалаларда – 100 пайызға, ал ауылдық жерлерде екі есе арттырып, 80 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр.
Республикалық “Қазсушар” мемлекеттік кәсіпорнының “Есіл су” филиалы – Солтүстік Қазақстан облысының – 212 елді мекенін, Қостанай облысының екі ауданындағы 21 ауылды қамтып, олардағы 195881 тұрғынды таза ауызсумен жабдықтап отырған кәсіпорын.
Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары туралы” Жарлығы мен Елбасының 2011 жылғы Жолдауын жүзеге асыру мақсатында бекітілген “Ақ бұлақ” бағдарламасын орындауға салмақты үлес қосып отырғандардың бірі – өңіріміздегі “Есіл су” кәсіпорны. Тарихы тереңге кететін аталмыш кәсіпорын ХХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап “Союзцелинвод” тресі, ал бүгінде “Қазсушар” РМК “Есіл су” филиалы деген атпен елді мекендерге су тарату қызметтерін абыройлы атқарып келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы аумағындағы су тарату құбырларын жаңартып, жұмысты жандандыру, сонымен қатар жаңа технологиялар мен заманауи құрал-жабдықтарды кеңінен қолдану мүмкіндігін тудыру үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінуде. “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша бүгінге дейін 11,8 миллиард теңге жұмсалса, 2020 жылға дейін әлі де 12 миллиард теңгені игеру жоспарланып отыр. Жалпы “Есіл су” филиалы қызмет көрсететін тораптық су құбырларының жалпы ұзындығы 3391,595 шақырымды құрайды. Екі облысты сумен қамтамасыз етіп отырған “Есіл су” кәсіпорны елді мекендердегі тұтынушыларға су тарату, торапты су құбырларын пайдалану, су құбырлары мен имараттарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асыру, заманауи технологияларды пайдалану бағыттарында жұмыс істейді.
Кәсіпорынның 2011-2014 жылдары атқарған жұмыстарына қорытынды жасайтын болсақ, “Ақ бұлақ” бағдарламасын жүзеге асыру кезеңінде аталмыш филиал қызметкерлері Булаев бағытындағы су құбырының 412,519 шақырымды құрайтын бөлігін жаңартып, бюджеттен осы мақсатқа бағытталған 6,8 миллиард теңгені игерді. Нәтижесінде облысымыздың 51 елді мекені су құбырына қосылды. Кезектегі қалпына келтіру-жаңарту жұмыстары Соколовка бағытындағы торапты су құбырында жүргізілуде. Осы мақсатқа бағытталған 4,6 миллиард теңгенің жұмысы осы жылдың соңына дейін бітуге тиіс. Ол Қызылжар ауданының 13 елді мекенін қамтиды. Ал Пресновка бағытындағы торапты су құбырында қайта жаңарту жұмыстары басталды. Ол 2018 жылға дейін жүргізілмек. Оған 12,6 миллиард теңге жұмсалып, жұмыс аяқталған кезде 42 елді мекен толықтай сумен жабдықталатын болады.
Кәсіпорынның жұмыс жоспарында сорғы агрегаттарындағы электр қозғалтқыштар қызметінің мерзімін ұзарту, жұмыс режімін оңтайландыру, электр қуатын үнемдеу міндеттері де бар. “Есіл су” филиалы 2011-2013 жылдар аралығында 58,3 миллион теңгеге сорғы агрегаттарының жұмысын жақсартуға арналған инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, өткен жылы электр қуатының үнемділігін 30 пайызға ұлғайтты. Нәтижесінде кәсіпорынның табысы 10 миллион теңгеге артып, су құбырларындағы нормадан тыс шығындарды азайтуға мүмкіндік алды. Кәсіпорын инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында электр қуатын пайдалану жүйесіне де жаңашылдық енгізілді. Қондырғылардың коммерциялық есебі, сараланған тариф бағдарламалары негізінде электр қуатын коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі іске қосылуда. Кәсіпорынға тиесілі су тарату ғимараттары мен имараттары осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын пайдалануға берілген болатын. Содан бері оларға жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. “Ақ бұлақ” бағдарламасы қолға алынғанға дейін су тарату имараттарының тозығы 80 пайызды құраған болатын. Мұндай жағдай судың ысырап болуына және көрсетілетін қызметтің сапасыздығына әкеліп соқтырды. Бүгінде бұл олқылықтардың біраз бөлігі жойылып, жұмыстың сапасы арта түсті.
“Есіл су” филиалы өткен жылы суды жинау, өңдеу және бөлу жөніндегі қызмет саласына берілген ұлттық сертификатқа ие болды. Сондай-ақ, саланың үздік мамандары атағына Ләйла Баукенова, Дмитрий Степур, Қайырбек Көшекбаев сияқты қызметкерлер лайық деп танылды. Кәсіпорынның басшысы Серік Ысмайылов “Еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкер” орденімен және “Жыл басшысы – 2014” ұлттық сертификатымен, Геннадий Сурков “Кәсіптік саладағы көрнекті жетістіктері үшін” медалімен марапатталды.
Елена ХРАМЦОВА,
“Қазсушар” РМК “Есіл су” филиалы
кәсіподақ ұйымының төрайымы.