Облыста 7,4 мың тұрғыны бар 88 ауылдық елді мекен таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген. Бұл жайында облыстық қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.
Жол картасы бойынша биыл бұл мәселе толық шешілуі тиіс. Мәселен, сумен жабдықтау нысандарын салуға және жаңғыртуға шамамен 11,7 млрд. теңге бөлінген. Бұл ақшаға 37 ауылға су тартылады. Су ресурстары және ирригация министрлігі су шаруашылығы комитетінің желісі бойынша 5 ауылға таза су келмек және 46 ауылға кешенді модульдік блогы орнатылады.
– Қазіргі уақытта республикалық бюджеттен 15,1 млрд. теңге сомасында қаржы бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Елді мекендер ішіне сумен жабдықтау желілерін тарту топтық су құбырларының инфрақұрылымын ауыл шекараларына дейін жеткізу жөніндегі жоспарлармен сәйкестендірілуі тиіс. Облыстық бюджетті кезекті нақтылауда бірінші кезектегі шығыстар бойынша бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайту керек. Атап айтқанда, облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуге қаражат бөлу ұсынылады. Бұл – маңызды әлеуметтік бағыт. Осыған байланысты, облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының шығынын 2 160 млн. теңгеге ұлғайтуды ұсынамыз, – деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.
Жоба бойынша Айыртау ауданын ғана сумен жабдықтау үшін 598,1 млн. теңге керек. Бұл ауданда 11 елді мекен таза сусыз отыр. Тайынша ауданына 765,7 млн., Шал ақын ауданына 710,9 млн., Есіл ауданына 67,1 млн. және Мамлют ауданына 18,2 млн. теңге қажет.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».