
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай “Солтүстік Қазақстан облысының кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ерік Нұрақаев соғыс және еңбек ардагері Қожатай Некібаевтың шаңырағында болып, қарияға тарту-таралғы жасады.
Қожатай Сейтахметұлы жасы тоқсан үшке келгенімен, әлі де тың, қимылы ширақ. Өмірлік жары Қайша Сағындыққызымен бірге 10 бала тәрбиелеп, 25 немере, 21 шөбере сүйіп отыр. Бүгінде қариялар шаңырақ құрғандарының 70 жылдығын атап өтуде.
– Сіз Екінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанғанда қару асынып, қан майданға аттандыңыз. Кейін еңбекке араласып, білім саласында қызмет еттіңіз. Сіздің жүріп өткен жолыңыз – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ауыл мектебінің ұстазы ретінде оқушыларыңызды еңбекке тартып, Отанды сүюге баулыдыңыз, – деген Ерік Есімұлы қос қарияның иығына шапан мен қамзол жауып, ақшалай сыйлық табыс етті.
Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тумасы он жеті жасында қатарластарынан қалмай, соғысқа аттанып, 2-ші Украин майданында жаумен шайқасқан. Батыс Украина, Румыния, Венгрия, Чехословакия жерлерін жаудан азат етуге қатысқан жауынгер жеңісті Австрияда қарсы алған. Қожатай ақсақал әскери борышын өтеген соң 1948 жылы елге оралып, Қызылжардағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. Преснов ауданындағы Орман орта мектебінде бастауыш сыныптың мұғалімі бола жүріп, жоғары сынып оқушыларына еңбек, сызу пәндерінен қосымша сабақ беріп, оларды сурет салуға үйретеді. Ұстаздық салада табан аудармай 32 жыл еңбек етіп, зейнетке шығады.
Әңгіме барысында басынан өткерген қызықты оқиғаларымен бөліскен көнекөз қария өзіне көрсетіліп жатқан сый-құрметке алғысын білдіріп, еліміздің одан әрі гүлдене беруіне тілектес екендігін жеткізді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.