«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАН ШЫҚҚАН ЖЕҢІМПАЗ АРУЛАР

Апалы-сіңлілі Инесса, Алина және Кристина Шумековалар Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Повозочное ауылында дүниеге келген. Инесса – үлкені, Кристина мен Алина – егіз. Үшеуі де – халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері.

Конькишілерді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ольга Ихтендрис жарыстарға даярлайды. Білікті бапкердің қол астында жаттығып жүргендеріне алты жылдан асты. Үшеуі де Қазбек Байболов атындағы облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің және Олимпиада резервін даярлау орталығының құрамына алынған.

Апалы-сіңлілі қыздардың спорт саласына икемі барын алдымен ата-аналары байқаған. Бірінші болып спортқа дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп- интернатқа үлкені Инесса қабылданған, кейін әпкелерінің ізімен конькимен сырғанау бөлімінде жаттығу үшін жетінші сыныпта оқитын Кристина мен Алина да қалаға келген. Инессаның жасы қазір 21-де, ал егіздер 18-де.

Бірнеше халықаралық жарыста еліміздің намысын абыроймен қорғаған қыздардың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Әлем кубогының жүлдегері, Қазақстан Республикасының чемпионы деген атақтары бар.

– Алина мен Кристина өткен жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиадаға қатысты. Қазақстанның конькимен сырғанаушыларына екі квота бөлінген болатын. Екеуін де егіздер жеңіп алды. Апалы- сіңлілі екеуі өте еңбекқор, шыдамды, сабырлы, спорт десе ішер астарын жерге қояды. Барлық бос уақыттарын жаттығуға жұмсайды. Мен шәкірттерімді мақтан тұтамын және еліміздің атын асқақтатып, тек биік белестерден көрінетіндеріне сенемін, – дейді Ольга Ихтендрис.

Инесса Шумекова 2023 жылы Италияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының екінші кезеңінде жақсы өнер көрсетіп, 1000 метр қашықтықта алтын медаль жеңіп алғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ.

Алина Шумекова – 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері (командалық спринт және командалық жарыс). 2023 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының бірінші және үшінші кезеңдерінде күміс медаль иеленді (командалық спринт және командалық жарыс), сондай-ақ Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Конькимен жүгіруден басқа ол құзға өрмелеуді жақсы көреді.

Кристина Шумекова Оңтүстік Кореяда өткен IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің көк туын ұстап шыққан болатын. Ол – 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола және күміс жүлдегері (командалық спринт және командалық жарыс). 2023 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының бірінші және үшінші кезеңінде күміс медаль иеленді (командалық спринт және командалық жарыс). 2024 жылы 19-20 наурызда 17 жасында ересектер арасында классикалық көпсайыста конькимен жүгіру спортынан Қазақстан чемпионы атанды. 5000, 3000 метрге жарыста жасөспірімдер арасындағы Қазақстан рекордының иегері. Сондай-ақ Канаданың Калгари қаласында биыл 25-26 қаңтарда өткен конькимен жүгіру спортынан әлем кубогының үшінші кезеңінде Кристина жасөспірімдер арасындағы екі ұлттық рекордты жаңартты (5000 және 1500 метр).

Қазіргі таңда спортшы қыздар елге оралып, Азия ойындарына қызу дайындалып жатыр. «Конькимен жүгіру спорты өңірімізде жақсы дамыған. Бір әттеген-айы – қыстың қақаған суығында да далада жаттығуға тура келеді. Себебі арнайы мұз айдыны жоқ. Мұндай жағдайда аталмыш спортқа жастарды көптеп тарту оңай емес», – деп Ольга Ихтендрис қынжылысын білдірді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp