«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАРДЫ АРАЛАП ЖҮР

Айыртау ауданындағы жастар бастамалары орталығының ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған автошеру бастау алды. Бұл игі бастаманың мақсаты Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу болып табылады.

Алғашқы белгіленген меже Арықбалық ауылы болды. Аталған елді мекенде құрылған “Видергебург” және “Понтос” этномәдени бірлестіктері автошеруге қатысушыларға арнап көрме ұйымдастырды.

“Понтос” грек этномәдени бірлестігінің төрағасы Константин Муратовтың айтуынша, тағдырдың жазуымен 1940 жылдары Қазақстанға қоныс аударған гректер Арықбалық ауылында көптеп қоныстанған. Бүгінде олардың кейбірі атамекенге қоныс аударғанымен, көпшілігі екінші Отандарында мәңгілікке қалуды ұйғарған. Қазақ жерінде тамырларын тереңге жайып, үбірлі-шүбірлі болып, елдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген гректер ұлттық құндылықтарын да ұмытпауға тырысуда. Мәселен, қоғамдық бірлестік жанындағы “Ритм” би тобының орындауындағы “Сиртаки” биі көрермендерге ежелгі мифтермен астасқан грек мәдениетін таныстырды.

“Видергебург” неміс этномәдени бірлестігі де белсенді жұмыс істейді. Негізгі бағыттары – неміс тілін оқыту мен ұлттық дәстүрлерін жандандыру. Қоғамдық бірлестік мүшелерінің жетекшілігімен тоқыма, би үйірмелері жұмыс істейді. Мәселен, “Sonnenblume” би ұжымы өнерлерімен аудан көлемінде де танылып жүр.

Автошеру қатысушыларының келесі аялдаған елді мекендері – Кутузовка, Антоновка, Имантау ауылдары болды. Бұл елді мекендерде “Вайнах”, “Червона рута”, “Сююмбике” сияқты шешен-ингуш, белорус, татар этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді.

Мария АНДРЕЕВА.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp