«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАРДЫ ЖАҢҒЫРТУ

Жап-жаңа есік-терезелері жалтыраған, жылу жүйелері тартылып, санитарлық тораптарға дейін салынған әдемі баспаналар Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласының көшелеріне ерекше көрік беріп тұр. Бұл сәулетті баспаналардың бәрін салып жатқан шалақындық кәсіпкер – Темірзақ Битабар. Түркістан облысының Қазығұрт ауданынан қоныс аударған іскер азамат өз кәсібін ашып, биыл еуропалық стандартқа сай үй тұрғызуды қолға алған. Бүгінгі таңда кәсіпкердің бастамасымен аудан орталығында 8 үйдің құрылысы аяқталуға жақын.

Шал ақын ауданының әкімі Нұрлан Есі­мовтің айтуынша, бұл баспаналар  еліміздің оңтүстігі­нен қоныс аударушылардың от­ба­сы­лары үшін салынуда. Аудан басшылары алыс­тан келген аға­йын­дарға жұмыс тауып беруді де алдын ала ойластырып қойған. “Біздің ау­данға көшіп келген адам­дардың бәрі болма­са да 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Олар мектептерде, ауыл шаруашы­лығы құрылым­дарында жұмыс істейді. Бірінші үй беру, сосын жұмыспен қамту, одан соң балаларын білім орда­ларына орналастыру бойынша жұмыс жоспары құрылған”, – дейді Нұрлан Орынбасарұлы.

Темірзақ Асылбекұлы биылғы тамыз айында өзіне екі баспана салады. Кейін аудан бас­шылы­ғының қосымша алты үй салу жө­нін­дегі ұсынысын қабыл алып, жергілікті аг­ро­құры­лымдардың қаржылай көмегінің арқасында құрылысқа қажетті қосымша ма­териалдарды сатып алған. “КМБ-сервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жұмысқа осы істің қыр-сырын жетік білетін құрылысшы маман­дарды да тарт­қан. 

Құрылыс алаңын аралаған ке­зімізде мем­ле­кет­тік бағдарлама­мен өңірімізге көшіп кел­ген Бах­тияр Пернеханмен және Қанат Әмір­ханов­пен тілдесудің сәті түсті. Олар бүгін­де аталған учаскеде үй қабырғаларын сылаумен бірге құрылысқа қажетті ма­териалдар әзірлеумен де айналысады екен.

Сергеевка қаласында жаңа жекеменшік тұрғын үйлер қатары жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтып өткен жөн. Кәсіпкер баспана салу биз­несіне осы сұра­ныс­ты ескере отырып кіріскен. Сәні мен сәу­леті, бағасы мен сапасы көңілге қонымды әрі көп­тің талғамынан шыққан Темірзақ Бита­бар­дың үйлері қарапайым халық үшін де қолжетімді болып отыр. “Ауылды жерде үй салуға деген сұраныс бар, тапсы­рыс та көп. Сапаға кө­ңіл бөліп отырмыз. Негізі бір үйді салуға 2,5 айдай уақыт кетеді. Біз тұрғызып жатқан үш бөлмелі үй шамамен 7 млн. теңгеге шы­ғады. Үйдің ір­ге­тасын құюдан бас­тап, ішкі әрлеу жұмыста­рына де­йін өзіміз жүргіземіз, – деген Темірзақ Асылбекұлы болашақта ауданда өзге де кә­сіп түрлерін ашуды жоспарлап отырғанын айт­­ты. Кәсіпкердің салып жатқан баспанала­ры барлық талаптарға сай. Орталық жылу жүйесіне қо­сылған, жылытылған еден мен тартпалы төбелер де соңғы үлгі­де жасалған.

Былтырдан бері Шал ақын ау­данына оң­түстік өңірлерден 60 от­басы көшіп келіп, бас­паналы бол­ған. Бүгінде аудан бойынша 26 үй салынуда. Алыстан келген аға­йындарды жұ­мысқа орналас­тыру мәселесі де біртіндеп ше­шімін табуда.

Гүлбике КУБЕНОВА,

Soltústіk Qazaqstan”.

СУРЕТТЕРДЕ: жоғарыда – сылақшы Б.Пернехан жұмыс үстінде; төменде – жаңа тұрғын үйлер.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp