Жап-жаңа есік-терезелері жалтыраған, жылу жүйелері тартылып, санитарлық тораптарға дейін салынған әдемі баспаналар Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласының көшелеріне ерекше көрік беріп тұр. Бұл сәулетті баспаналардың бәрін салып жатқан шалақындық кәсіпкер – Темірзақ Битабар. Түркістан облысының Қазығұрт ауданынан қоныс аударған іскер азамат өз кәсібін ашып, биыл еуропалық стандартқа сай үй тұрғызуды қолға алған. Бүгінгі таңда кәсіпкердің бастамасымен аудан орталығында 8 үйдің құрылысы аяқталуға жақын.
Шал ақын ауданының әкімі Нұрлан Есімовтің айтуынша, бұл баспаналар еліміздің оңтүстігінен қоныс аударушылардың отбасылары үшін салынуда. Аудан басшылары алыстан келген ағайындарға жұмыс тауып беруді де алдын ала ойластырып қойған. “Біздің ауданға көшіп келген адамдардың бәрі болмаса да 90 пайызы жұмысқа орналасқан. Олар мектептерде, ауыл шаруашылығы құрылымдарында жұмыс істейді. Бірінші үй беру, сосын жұмыспен қамту, одан соң балаларын білім ордаларына орналастыру бойынша жұмыс жоспары құрылған”, – дейді Нұрлан Орынбасарұлы.
Темірзақ Асылбекұлы биылғы тамыз айында өзіне екі баспана салады. Кейін аудан басшылығының қосымша алты үй салу жөніндегі ұсынысын қабыл алып, жергілікті агроқұрылымдардың қаржылай көмегінің арқасында құрылысқа қажетті қосымша материалдарды сатып алған. “КМБ-сервис” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл жұмысқа осы істің қыр-сырын жетік білетін құрылысшы мамандарды да тартқан.
Құрылыс алаңын аралаған кезімізде мемлекеттік бағдарламамен өңірімізге көшіп келген Бахтияр Пернеханмен және Қанат Әмірхановпен тілдесудің сәті түсті. Олар бүгінде аталған учаскеде үй қабырғаларын сылаумен бірге құрылысқа қажетті материалдар әзірлеумен де айналысады екен.
Сергеевка қаласында жаңа жекеменшік тұрғын үйлер қатары жыл сайын көбейіп келе жатқанын айтып өткен жөн. Кәсіпкер баспана салу бизнесіне осы сұранысты ескере отырып кіріскен. Сәні мен сәулеті, бағасы мен сапасы көңілге қонымды әрі көптің талғамынан шыққан Темірзақ Битабардың үйлері қарапайым халық үшін де қолжетімді болып отыр. “Ауылды жерде үй салуға деген сұраныс бар, тапсырыс та көп. Сапаға көңіл бөліп отырмыз. Негізі бір үйді салуға 2,5 айдай уақыт кетеді. Біз тұрғызып жатқан үш бөлмелі үй шамамен 7 млн. теңгеге шығады. Үйдің іргетасын құюдан бастап, ішкі әрлеу жұмыстарына дейін өзіміз жүргіземіз, – деген Темірзақ Асылбекұлы болашақта ауданда өзге де кәсіп түрлерін ашуды жоспарлап отырғанын айтты. Кәсіпкердің салып жатқан баспаналары барлық талаптарға сай. Орталық жылу жүйесіне қосылған, жылытылған еден мен тартпалы төбелер де соңғы үлгіде жасалған.
Былтырдан бері Шал ақын ауданына оңтүстік өңірлерден 60 отбасы көшіп келіп, баспаналы болған. Бүгінде аудан бойынша 26 үй салынуда. Алыстан келген ағайындарды жұмысқа орналастыру мәселесі де біртіндеп шешімін табуда.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústіk Qazaqstan”.
СУРЕТТЕРДЕ: жоғарыда – сылақшы Б.Пернехан жұмыс үстінде; төменде – жаңа тұрғын үйлер.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.