Интернеттің елді мекендердегі тұрғындарға қолжетімділігін қамтамасыз ету “Қазпочта” АҚ-ның жоспарлы жұмыстарының бірі болып отыр. Осыған орай ғаламтордың мүмкіндігін кеңінен пайдалану үшін ауылдық жерлердегі пошта бөлімшелерінде интернет байланысын орнатуда. Енді қазақстандықтар “Нұр Отан” партиясының қоғамдық қабылдауына поштаның ауылдық бөлімшелеріне орнатылған бейнеконференцбайланыс арқылы өтініштерін білдіре алады.
Жыл басынан бері аталмыш акционерлік қоғамның облыстық филиалы Жамбыл ауданындағы Благовещенка және Мағжан Жұмабаев ауданындағы Советское ауылдарындағы пошта бөлімшелерінде осындай қосынды іске қосқан болатын, ал бұрнағы күні оны Қызылжар ауданындағы Якорь ауылының тұрғындарына қолжетімді етті. Сондай-ақ, бұл күні “Қазпочта” АҚ басқармасының төрағасы Бағдат Мусин әр облыста бір-бірден осындай қосынның тұсаукесерін ұйымдастырып, өзі осы мақсатпен Ақмола облысындағы Бестабақ елді мекенінде жүрген кезде Якорь ауылына интернет байланысы арқылы шығып, жаңалықтың қалай қабылданып жатқанын сұрады.
Тұрғындар саны үш мыңнан асатын Якорь ауылында “Қазақтелеком” АҚ арқылы жеткізілген интернет қызметі жұмыс істейді. Оған ауылдың 50 пайызы қосылған. Алайда, кейбір отбасыларда жасы ұлғайған тұрғындар тұратындығын ескерсек, бүгінгі ұйымдастыру техникасының тетігіне жетік бойлай алмай жүргендер пошта бөлімшесіне келіп, ондағы операторлардың көмегін пайдалана алады. “Қазпочта” АҚ облыстық филиалының директоры Ерік Нұрақаевтың айтуынша, бұл жоба – қалалар мен ауылдардың байланысын нығайтудың бір жолы. Онда мемлекеттік сайттарға тегін кіруге болады. Шетелдерде немесе басқа қалаларда тұратын туған-туыстарымен сөйлескісі келетіндерге де әзірге тегін қызмет көрсетілуде. Алдағы уақытта ондай қызметтің түрлеріне белгіленген тариф қолданылмақ. Бұл – қанатқақты жоба. Алайда, болашақта елді мекендердің барлығы мұндай мүмкіндіктерді пайдалануға тиіс. Бүгінгі таңда өңіріміздің 88 елді мекенінде пошта қызметінің байланысы болса, оның 54 пайызы автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Мақсат – барлық ауылды, әрбір тұрғынды интернетке қолжетімді ету. Жалпы бұл жобаны жүзеге асыруға жұмсалып жатқан шығындарды акционерлік қоғамның бас мекемесі көтеріп отыр.
Пошта байланысының Якорьдағы бөлімшесінде интернет қосыны іске қосылған кезде ауылдың аға буын өкілдері бұл жаңалықты өз көздерімен көруге асықты. Солардың бірі – ауыл тұрғыны Галина Куц:
– Өңіріміздегі ауылдың қарт-қариялары үшін бұл жаңалық қызықты да тиімді. Біз техниканың тетігін дұрыс меңгере алмағандықтан, заманның үдерістеріне ілесе алмай келеміз. Ендеше пошта қызметкерлерінің көмегі керек-ақ. Енді Ақордаға, облыс әкімдігіне, “Нұр Отан” партиясына, аудан басшыларына, сондай-ақ, кез келген мекеменің тегін сайтына кіріп, өз өтінішімізді, арыз-тілегімізді білдіре аламыз. Осы мүмкіндікті жасап отырғандарға ризашылығымыз шексіз, – дейді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.