
“Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуді жүзеге асыру – жұмысымыздағы басым міндеттердің бірі. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылы “Қазақстанның ауылдық елді мекендерін оптикалық-талшықты технология арқылы кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету” жобасы аясында жүзеге асырылатын болады.
Бүгінгі таңда облысымыздағы елді мекендердің 82 пайызы кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілген. Жалпы 666 ауылдың 147-сі “ADSL” модем арқылы интернетке қосылса, 116 ауылда талшықты-оптикалық байланыс желісі бар. Ал 400 ауыл сымсыз байланыс технологиясын қолдануда. Жаңа бағдарламаның арқасында облыс орталығынан шалғайда орналасқан ауыл тұрғындары да сапалы әрі жылдамдығы жоғары интернеттің игілігін көретін болады. “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасын өңірімізде жүзеге асыру аясында “Қазақтелеком” АҚ-ның облыстық филиалы екі мың шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде 61 ауылдық округте орналасқан 272 мемлекеттік мекеме кең жолақты интернетке қосылады. Бұл жоба электронды сауда-саттықты жандандырып, электронды үкімет қызметтерін, білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы интерактивті құралдарды енгізу есебінен ел дамуына елеулі әлеуметтік-экономикалық серпін беретін болады.
Биыл ауылды жерде орналасқан аудандық аурухана, ішкі істер бөлімі, прокуратура сияқты 56 мемлекеттік мекемеге талшықты-оптикалық байланыс желісін қостық. 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыс мектептерінде кең жолақты интернеттің 136 қосу нүктесі орнатылды. Яғни, бүгіндері барлық мектептердің 95 пайызы “Қазақтелеком” АҚ-ның интернетімен қамтылған. Сондай-ақ, 4 Мбит/сек. жылдамдықты ғаламторы бар білім ордаларының саны 86 пайызға жетті.
Көпқабатты үйлер бейнебақылау жүйесімен жабдықталса да, пәтер ұрылары ебін тауып жүр. Осыған орай “Бұлтты бейнебақылау” жүйесін жүзеге асырудамыз. Бұл жаңа қызмет абонентке заманауи құрылғының немесе дербес компьютердің көмегімен өз үйінің кіреберісіндегі оқиғаларды бақылауына мүмкіндік береді. Ол үшін подъезге бейнебақылаудың бірыңғай желісіне қосылған екі бейнекамера орнатылады. Камералар түнгі уақытта да сапалы түсіре алады. Бейнемұрағат “Қазақтелеком” АҚ-ның жылдамдығы жоғары интернет-серверінде жеті күнге дейін сақталады. Бүгінгі күні Петропавл қаласында 788 үй аталмыш қызметке қосылған.
Сондай-ақ, заңды тұлғаларға “Бизнеске қауіпсіз онлайн бейнебақылау” өнімін ұсынамыз. Бұл қызмет арқылы кәсіпкерлер бизнес нысандарына қашықтықтан онлайн бақылау жүргізе алады. Мұрағат жазбаларын 10 күннен 30 күнге дейін сақтау мүмкіндігіміз бар.
Өңірдің әлеуметтік нысандарын кең жолақты интернетке қосу жұмыстары биыл да өз жалғасын табатын болады. Мәселен, осы жылы аудандардағы 41 мектеп жоғары жылдамдықты интернеттің игілігін көре алады. Телемедицина қызметін енгізу және тұрғындарды медициналық ақпараттық жүйелер қызметімен қамту мақсатында жыл соңына дейін барлық аудандық орталық ауруханалар ғаламторға қосылатын болады.
Жоғарыда атап өткеніміздей, ауылды кең жолақты интернет қызметіне қосу – ел экономикасын жаңғырту ісін жеделдету мақсатындағы іргелі шаралардың үлкен бір бөлігі. Осының арқасында онлайн сауда, мобильді банкинг, 3D-принтинг, денсаулық сақтау, білім беру сияқты басқа да маңызды салалар дамудың жаңа кезеңіне қадам басады. Ауыл тұрғындары қосылатын кең жолақты интернеттің бағасы да қолжетімді болады.
Дамир ӘБДІРАХМАНОВ,
“Қазақтелеком” АҚ-ы облыстық филиалының коммерциялық директоры.