«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАР АЖАРЛАНА ТҮСЕДІ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты кезекті Жолдауында еліміздің әлемдегі өркениетті және өнеркәсіптік даму жағынан озық елдердің қатарына қосылуы үшін алдымызда тұрған басты міндеттерді нақты тапсырмалар арқылы айқындап берді. Тарихи құжатта айтылған барлық басым­дық­тар ел тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, олардың бәсекеге қабілеттіліктерін көтеретін тиімді тетіктер болып саналады.

Бәсекеге қабілеттілік – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуды көздейтін Қазақстан үшін басты талап. Президент Жолдауда қазіргі уақытта жаһандық мәсе­ле­­лердің шиеленісе түс­кенін, мұн­дай тығырықтан шы­ғу­дың бірден-бір жолы адам­ның дамуы екенін айтты. Сондық­­тан да Үкіметке және бар­­лық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға жұмыс тәсіл­дерін өзгертуді тапсырды. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқа­ты­ның өсуі еліміздің ең басты басым­дығына айналады деген сөз.

Елбасымыздың сындарлы саясатының, Қазақстан халқының бейбітсүйгіштігінің арқасында еліміз тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, дамудың даңғыл жолы­на түсті. Жиырма алты жылдан астам уақыттың ішінде кез келген салада үлкен табыстарға қол жеткіздік. Түрлі халықаралық форумдар мен жиындарды жоға­ры деңгейде өткізіп, әлемдік қоғам­дастықтың сенімін абыроймен ақтадық. Осындай игі бастамаларымыз арқылы әлемге келісім мен татулықтың, сенім мен тұрақтылықтың алтын бесігі ретінде танылдық. Десек те, заман бір орнында тұрмайтыны анық. Оны біз күн сайын құбылған экономикалық, қаржылық үдерістерден, әлем елдеріндегі өзгерістерден байқаймыз. Бұл өз кезегінде Қазақстанға да әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан бізге жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру­дің жолын қалыптастыру аса маңызды. Оның негізі, Елбасымыз атап көрсеткендей, бәсекеге қабілетті білім жүйесінде, мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінде, еңбек өнімділігінде. Президентіміздің қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту қажеттігі туралы айтқаны кәсіпкер ретінде көңіліме қуаныш ұялатты. Алдағы уақытта кәсіпкерлерге, әсіресе, ауыл кәсіпкерлеріне мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары көрсетілетін болады. Бұл өз кезегінде ауыл кәсіпкерлерінің қанатын кеңге жаюына мүмкіндік берері сөзсіз.

Ауыл демекші, Елбасымыз Үкіметке “Ауыл – Ел бесігі” атты жобаны қолға алуды ұсынды. Ауылды қадірлеуді, ауылдың жағдайына алаңдауды болашаққа қам жасау деп түсінемін. Халқымыздың негізгі байлығы егін мен мал шаруашылығы ғой. Оның өрісі ауылды жерлерде кеңейеді. Бұл жоба соңғы жылдары тұралап қалған ауылдардың тамырына қан жүгіртері сөзсіз.

От ауызды ақындар да, ділмар шешендер де, саңлақ спортшылар да, ғалымдар да ауылдан шығады. Елбасының ауылды ел бесігіне теңеп отырғаны бекер емес.

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта халықты алаңдатып отырған күрмеуі қиын мәселелерді шешуге жол ашып берді. Соның ішінде елдің табысын өсіру, тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту, өмір сүруге жайлы орта қа­лыптастыру, азаматтардың сұра­нысына сай мемлекеттік аппарат құру, сыртқы саясаттың тиімділігін арттыру және әрбір қазақстандықтың еліміздегі өзгерістерге атсалысуын қамта­масыз етуге бағытталған жаңа міндеттер халықтың көкейін­де жүрген көптеген сауалға берілген нақты жауап болды.

Елбасымыз алдағы дамуымыздың басты бағдары етіп ұсынып отырған игі бастамалар елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі. Биылғы жылдың басты құжаты – “Қазақ­стан­дықт­ардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арт­тыру” атты жаңа Жолдауды Мемлекет басшысының бүгінге дейінгі барлық бастамаларының лайықты жалғасы деуге толық негіз бар.

Арыстан ЖҰНЫСОВ,

“Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің атқарушы директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp