«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАСЫН АЙУАНДЫҚПЕН ӨЛТІРГЕН полицейлер бас бостандықтарынан айырылды

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылының 24 жастағы тұрғыны Евгений Копаның өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Облыстық соттың баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, бұрынғы тәртіп сақшылары – Т.Үмбетовке 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілсе, оның әріптестері Е.Серікбай мен М.Алдамасовтың 8 жылын түрмеде өткізетін болды. 
Евгений Копа 2013 жылдың сәуірінде жоғалған болатын. Оның үйге келмегені туралы ішкі істер органдарына жігіттің әжесі мен жолдастары хабарлаған болатын. Үш аптадан кейін жігіттің мәйіті Есіл өзенінен табылды. Ауыл тұрғынының өліміне Қызылжар аудандық ішкі істер бөлімінің үш полицейі қатысты болып шықты.
Сезіктілер ұсталғаннан кейін полицейлер Е.Серікбай мен М.Алдамасов жапа шегуші Е.Копа мен құқық қорғау органы қызметкері Т.Үмбетов арасындағы жанжалға куә болғандарын айтқан. Олардың барлығы да мас күйде болыпты. Ауылдасын соққының астына алған Т.Үмбетов ес-түссіз жатқан жігітті көліктің жүк салғышына артып, кейін суға апарып тастайды. Ал оның әріптестері болған жағдайға көз жұма қарайды. Бірлесіп іске асырған қылмыстық әрекетті аяғына дейін жеткізу үшін жәбірленушіні тепкілеп, оның көпірге шығуына кедергі келтірген. Бұдан әбден әлсіреген жігіт қарсылық көрсете алмай, суда тұншығып, қаза табады.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp