
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда экономиканың барлық саласында жетістіктерге қол жеткізілді. Дегенмен, әлеуметтік салада шешімін таппаған мәселелер бар. Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен аудан әкімі Ағзам Тастеміровтің тұрғындар алдындағы есебінде оларды шешу жолдары қарастырылды.
Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 17,4 млрд. теңгеден асқан. Инвестиция көлемі де біршама артқан (13,7 пайыз). Жергілікті бюджетке түскен қаржылық түсімдер бойынша да өсім байқалады. Облыстағы ең жоғары жалақы да осы ауданға тиесілі (118 мың теңге). Аудан әкімі Ағзам Тастеміровтің айтуынша, былтыр облыстық және жергілікті бюджеттердің жоспары артығымен орындалған.

Мақсатты трансферттерді есепке алмағандағы табыс көлемі 26,5 пайызға жетіп, аудан облыс бойынша алдыңғы орындардың біріне тұрақтады. Жылды табысты қорытындылаған ауданда биыл білім саласына, әлеуметтік қорғауға және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға зор мән беріліп отыр.
Аудандағы 43 мектептің 11-іне күрделі жөндеу жүргізілген. Үстіміздегі жылы аудан бюджетінен 4 оқу орнын қалпына келтіруге 337 млн. теңге жұмсалмақ. Сондай-ақ, балалар тасымалын ұйымдастыру мақсатында төрт автокөлік сатып алу жоспарланған. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру үшін білім орындарына бейнебақылау камераларын орнатуға 5 млн. теңге бөлінген.
Жыл өткен сайын өңірімізде денсаулық сақтау мекемелерінің қатары толыға түсуде. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда агроқұрылымдардың көмегімен емдеу орындарының ашылып жатқандығы көңіл қуантады. Былтыр мұнда жаңа туған сәбилерге арналған жабдықтар мен 2 санитарлық көлік сатып алынған. Ауылдағы ақ халаттылар қатарына 9 дәрігер қосылған. Соның нәтижесінде қосымша 6 дәрігерлік учаске құрылған. Биыл облыс бюджетінен аудандағы денсаулық сақтау нысандарын күрделі жөндеуге 91 млн. теңге бөлініп отыр. Бұған қоса, Новосел, Новоишимский дәрігерлік амбулаториялары және аудандық аурухананы жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.
Инвестиция тартуда, құқықтық тәртіп орнатуда және әлеуметтік нысандарды жұрт игілігіне беруде Ғабит Мүсірепов атындағы аудан көш бастап тұр. Әсіресе, сумен қамту жүйелерін жаңғырту және құрылыс жұмыстары көңіл қуантады. Бұл жұмыс былтыр Андреевка, Целинное ауылдарында сәтті жүргізілген. Ауызсумен қамтамасыз етуде жергілікті кәсіпорындар басшыларының белсенділігін атап өткен жөн. “Возвышенка” ЖШС-нің директоры Абдурахим Нукаев өз ауылын түгелдей орталықтандырылған су жүйесіне қосып, әр баспанаға газ тартқан. Облыстық бюджеттен бөлінген қосымша қаржы есебінен биыл 8 елді мекен тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етіледі. Осындай жобалармен қатар ауданда көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту, қоныс аударушыларға баспана, жұмыс беру, аз қамтылған адамдарды қолдау шаралары қарқын алған.
Есепті кездесу барысында аудан әкімі тұрғындар сауалдарына жауап берді. Аудан орталығының тұрғыны Марат Есілбаев 14 мыңға жуық халқы бар Новоишимка кентіндегі жолдардың жағдайына алаңдаушылық білдіріп, қар тазалау жұмыстарын сынға алды. Ол сондай-ақ: “Мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің туғанына биыл 90 жыл толады. Еліне еңбегі сіңген жерлесімізді еске алу шараларын ұмыт қалдырмасаңыздар екен”, – деген өтінішін жеткізді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов биыл “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында қаржы бөлініп, Новоишимка кентіндегі тозығы жеткен 45 көше түгелдей қалпына келтіретінін айтты. Биыл қардың мол түсуіне байланысты жергілікті билік шаруашылықтардың көмегіне жүгінуде. Аудан әкімі боранды күндері бұл мәселеге жауапты құрылымдар күшейтілген тәртіпте жұмыс істейтінін, әкімдікте кезекшілік құрылғанын тілге тиек етті. Ал зейнеткер Алпысбай Сүлейменов кент ішіндегі автобус қатынасының тоқтап қалғанына алаңдаулы. “Біз сияқты қарттарға, сәбилі аналарға жүріп-тұру қиындап кетті. Шеткері аудандарда тұратындар таңғы және кешкі уақытта жол машақатынан тіпті қиналады. Бұрын ескі болса да, ауыл ішінде жүретін екі қоғамдық көлігіміз бар еді. Соның өзі тоқтап қалды”, – деді зейнеткер. Ағзам Ахметжанұлының айтуынша, бұл мәселе таяуда шешімін табады. Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілген. Субсидия да қарастырылған. Тек құжаттық ресімдеу шараларын аяқтау ғана қалыпты. Көпқабатты үйлердің тұрғындары атынан сөз алған Елена Смородская елді мекенде орталықтандырылған жылу жүйесінің жоқтығына реніш білдірді. “Әсіресе, жоғары қабатта тұратын қарияларға отын, көмір тасу қиын. Оның үстіне көпқабатты үйлерден шыққан қою түтін ауаны ластауда”, – деген зейнеткердің сұрағына облыс әкімінің өзі жауап берді. Құмар Ақсақалов көп кешікпей Новоишимка кентінде орталықтандырылған жылу жүйесі орнатылатынын айтты. “Бұл мәселе біздің назарымызда. Қазандықтың құрылысына қатысты құжаттар әзір. Елді мекендегі көпқабатты үйлер мен нысандардың барлығы орталықтан жылытылатын болады. Мұндай шаралар өзге елді мекендерде де жүзеге асырылмақ. Арықбалық, Явленка және тағы екі ауылда да биоотынмен жылытатын қазандықтар орнатылады” – деді Құмар Іргебайұлы.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы шаралар барысына тоқталды. Ол жерді тиімді пайдаланбай отырған шаруашылықтарға талап қатаңдатылатынын ескертті. Бүгінде түрлі мүмкіндіктерге ие ауыл шаруашылығы құрылымдары ең бірінші кезекте ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға көңіл бөлуі тиіс. “Агроөнеркәсіптік кешен өкілдері өз қалтасын ғана ойламай, тұрғындардың тұрмысына да көңіл бөлуі тиіс. Ауылдардың инфрақұрылымдарын жақсарту мәселесін назардан тыс қалдырмағандары жөн”, – деді Құмар Іргейбайұлы.
Облыс әкімі есепті кездесуден соң “Nur Otan” партиясының аудандық филиалында азаматтарды қабылдады. Аудандық хоккей командасының капитаны Владимир Дудник спортшылар үшін жабық ғимарат салып беруді өтінді. Құмар Ақсақалов бұл істі “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры арқылы жүзеге асыруға әрекет ету керектігін айтты. Ол үшін команда басшылығы алдағы уақытта тұрғындардан қол жинап, жергілікті әкімдік арқылы өтініш білдіруі тиіс. Володаровка орта мектебінің директоры Ғабит Шарақпаев Дружба – Петропавл бағытындағы 10 елді мекенге қатынайтын автобустың жоқтығына шағымданды. Өңір басшысы бұл мәселе бойынша облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцевпен телефон арқылы сөйлесіп, автобус мәселесін жақын арада шешуді тапсырды.
Өңір басшысы ауданға сапары аясында “KAZMEAL” ЖШС-нің жұмысымен танысты. Бидайды тереңдетіп өңдеуді қолға алған зауыт ашылғаннан бері жергілікті кәсіпорындардың да тауар өткізу мүмкіндіктері артты. Кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгімелеген серіктестік өкілдері жалпы қуаты 360 мың тоннаны құрайтын завод алдағы уақытта Қытай еліне тауар тасымалдауды жоспарлап отырғанын сөз етті. Заманауи өндірістің басты ерекшелігі – оның жұмысында робот-паллетизатор қолданылады. Қыркүйек айында толық қуатына көшкен кәсіпорын аудан экономикасына серпін береді деп күтілуде.
Бұдан соң Құмар Ақсақалов Ставрополка елді мекенінде болды. “Намыс” ЖШС-нің директоры Александр Косьяненко ауыл тұрмысын жақсартуда бірнеше жобаны қолға алған. Оның тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуда істеп жатқан еңбегі көңіл сүйсінтеді. Әкесінің ізін жалғастырған жас кәсіпкер мал шаруашылығын дамытуға ден қойған. Серіктестік соңғы үш жыл ішінде герефорд тұқымды мал басын 200-ден 900-ге дейін жеткізген. 150-ден астам ауыл тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтыған. Бірнеше әлеуметтік нысандарды қайта қалпына келтіріп, демеушілік жұмыстарды өз мойнына алған. 600-ден астам тұрғыны бар елді мекенде жылы әрі жайлы медициналық пункт, Мәдениет үйі, асхана және қоғамдық монша жұмыс істеп тұр
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.