Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында Мәдениет үйінің қабырғасында кiтапхана есігін айқара ашты.
Осыған орай, салтанатты шара өтіп, онда Нежинка ауылдық округiнiң әкiмi Мағзұм Дүселеков, “Новоишимские нивы” ЖШС-нің директоры Бауыржан Қоңқабай, Буденное орта мектебiнiң директоры Зиляра Баянова мен “Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданның орталықтандырылған кiтапхана жүйесi” КММ директоры Роза Малғаждарова құттықтау сөз сөйледі. Бұдан соң Буденное орта мектебiнiң мұғалiмдерi мен “Сударушка” вокал тобы концерт қойып, кiтапханашы Мөлдір Тумирзина болашақ оқырмандардың қатысуымен экскурсия өткiздi. Кітапхана жаңа басылымдар мен журналдарға, балалар әдебиетіне толы. Оқырмандар залында Тәуелсіздігіміздің – 25, облысымыздың 80 жылдығына орай көрме ұйымдастырылған. Аталмыш мерекелерге орай аудандық кітапхана ауылдықтарға арнап бірнеше жаңа кітапты сыйға тартты.
Буденное ауылының тұрғындары кітапханашы Мөлдір Тумирзинаны бұрыннан таниды. Ол ауыл мектебін тамамдаған соң осы салада еңбектенуде.
“Ол кітапхана ісін жақсы меңгерген, жасымыз болсын, кәріміз болсын, баршамызды кітап оқуға үгіттеуден жалыққан емес. Енді өзіміздің жаңа кітапханамыз бар. Мөлдірдің атсалысуымен оның да іші жанға толады деген сенімдеміз”, – дейді олар.
Гүлбаршын САТЫБАЛДИНА.