Жамбыл ауданының орталығы Пресновка ауылының іргесінде жеміс-жидек бақшасы ашылды. Баудың жалпы аумағы 0,6 гектарды құрайды.
Бұрындары бос жатқан бұл жерді “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалының өкілдері іске жаратқан. Алдымен олар аумақты шарбақпен қоршап, кейін бақ ішіне жемістің неше түрін еккен. Мұнда таңқурай, қарлыған, алхоры және мойылға дейін бар. Бүгінде бақша ішінде қаз-қатар отырғызылған жалпы саны 550-ге жуық көшет өсіп келеді. Алғашқы өнімді жамбылдықтар келер жылдары жинамақ.
– Бақша өте қолайлы жерде орналасқан. Жеміс-жидектер солтүстік пен батыстан соққан желдің өтінде тұрған жоқ. Келер жылы аумағын екі есе ұлғайтамыз. Болашақта №2 орта мектептің оқушылары бақшадағы ағаштарға күтім жасайтын болады. Олар арамшөптерді жұлып, көшеттерді суарады. Жалпы, мұндай бақша тұрғызу “Нұр Отан” партиясының “Ұлы дала елі” бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр, – дейді “Нұр Отан” партиясының Жамбыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Владимир Волков.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.