Есіл ауданының Спасовка ауылында жаңа медициналық бекет ашылды. Нысанның тұсауын аудан әкімі Мереке Мұхамедияров кесті. Ғимараттың құрылысына «Явленское МТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолдау көрсеткен.
Жобаның жалпы құны 80 миллион теңгені құрайды. Бекетке жапсарлар медицина қызметкеріне арналған жайлы қызметтік баспана мен учаскелік полиция инспекторына арналған кабинет те бой көтерді.
«Жаңа медициналық бекет алғашқы дәрігерлік көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырары сөзсіз. Енді мамандар тұрғындардың кез келген өтінішіне жедел жауап беріп, ауыл тұрғындарының денсаулығына қатысты түрлі мәселелердің оңтайлы шешілуіне атсалыспақ. Ғимарат ішінде учаскелік полиция кабинеті де бар. Бұл денсаулық сақтау мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін біріктіріп, ауыл тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды», – деді аудан басшысы.
Спасовка ауылының тұрғындары мереке қарсаңында елді мекенде жаңа нысанның ашылғанына дән риза. Бұрын аудан орталығындағы емханаға қатынап, ақхалаттылардан кеңес алатын тұрғындар енді ауылдан алысқа ұзамай мамандардың қабылдауына жазыла алады.
Еркін ЖАҢАЛЫҚ.