«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ МҰРАЖАЙЛАРДЫҢ ТАҒДЫРЫ АЛАҢДАТАДЫ

Өңірде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енген 12 музей бар. Соның төртеуі – еліміздің белгілі ақын-жазушыларына арналған мемориалдық мұражайлар. Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың және жазушы-журналист Иван Шуховтың музейлері қоғам қайраткерлері туып-өскен ауылдарында. Сырттан келген қонақтар өңірдің ғана емес, елдің мақтанышына айналған тұлғалардың кіндік қаны тамған жерімен танысып, жазиралы мекенде аунап-қунап қайтуы тиіс еді. Алайда бұл мұражайлардың болашағы бұлыңғыр.

ЖОЛ ШАЛҒАЙ

Жангелді Тәжин – бірқатар белгілі ақын-жазушылардың, тарихи тұлғалардың кіндік қаны тамған, топырағы қасиетті Жамбыл ауданының тумасы. Петропавлдағы ардагерлер кеңесін басқаратын зейнеткер туған жерге жиі баруға тырысады. Ал осыдан бірер жыл бұрын бір топ замандасын алып, өңірдің көрікті жерлерін, соның ішінде шалғайда жатқан, адам аяғы жете бермейтін музейлерін де аралатты.

– Ақсақалдарды жинап, туристік маршрут құрып бардық. Арасында Ғабит пен Сәбитті көзі көрген, талай дәмдес болған Қарақат Шалабаев, марқұм Амандық Жантеміров ағаларымыз да болды. Преснов елді мекеніндегі Иван Шухов музейінен бастадық, біздің келетінімізді естіп, арнайы дайындалған екен, ән шырқап қарсы алды. Сәбит ауылы да одан қалмай, қазақтың ұлттық тағамдарын пісіріп, кең дастарқан жайды. Музейді аралағаннан кейін мектепте жиналып, естеліктермен бөлісіп, керемет кездесу болды. Ғабит музейіне де соқтық. Айтпағым, осылайша әдейілеп бармасаң, жол түсе бермейді. Өйткені алыс, жолдары нашар, ал қыста қар алып қалғандықтан бару мүмкін емес, – дейді Жангелді Уақпанұлы.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, былтыр Сәбит Мұқанов музей-үйіне небәрі 385 адам бас сұққан. Ғабит Мүсіреповтің музейін 626 адам тамашалаған екен. Ал аудан орталығы Пресновка елді мекенінде орын тепкен И.Шухов музейінде 1,5 мың адам болған.

БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың, көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің мұражайлары Жамбыл ауданында – туған ауылдарында орналасқан. Биыл 125 жылдық мерейтойы аталып өтетін Сәбит Мұқановтың атындағы ауылда небәрі бес үй, 10 тұрғын ғана қалған. Соңғы 25 жылдың ішінде адам саны жиырма есе қысқарып кеткен. Ауылда қалған санаулы тұрғынның пікірінше, оның бір себебі – елді мекеннің облыс орталығынан шалғай жатуы. Петропавлға жету үшін 188 шақырым жолды 3 сағат жүріп өту қажет.

Елді мекеннің мал өсіруге қолайлылығы да, құнарлы жері мен әсем табиғаты да, Сәбиттің ауылы деген атағы да халықты ұстап қала алмады.

– Музейден бөлек, мектебіміз бар еді, ол да жабылып қалды. Енді біз де көшпекпіз. Сәбит атамыздың ауылы құрып бара жатқаны өкінішті, – дейді ауыл тұрғыны Елубай Мусин.

Ғабит Мүсірепов музей-үйі орналасқан Жаңажол ауылындағы жағдай Сәбит ауылымен салыстырғанда жақсы. Майбалық ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, қазір мұнда 78 үй бар, 283 адам түтін түтетіп отыр. Десек те, 2009 жылдан бері адам саны 200-ге қысқарған.

Жаңажол ауылында жазушы 1968-85 жылдар аралығында тұрып, еңбек еткен үйде 1992 жылы әдеби-мемориалдық музей ашылды. Екі залдан тұратын мұражайда қазір 500-ден астам жәдігер бар. Жазушының шығармаларынан бөлек, оның көзі тірісінде ұстап, қолданған жеке заттары, бұйымдары, киім-кешегі, фотолары мен құжаттары сақталған. Бірақ құнды дүние дұрыс сақталмай, жәдігерлердің күтім көрмей жатқандығы осыдан бірер жыл бұрын «AMANAT» партиясы облысық филиалы жанындағы «Miras» қоғамдық кеңесінің отырысында айтылды. Кеңес мүшелері ауыл музейлерінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, Петропавлда бұрынғы С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ескі ғимаратында әдебиет музейін ашуды ұсынған еді. Қоғам өкілдері Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов және жалпы барлық жерлес ақын-жазушылардың музейлерін облыс орталығына көшіріп, жеке заттарын бір жерге тоғыстыру жайында ой салды. Алайда бұл бастама қолдау таппады.

ҚОЛДАУ КЕРЕК

«Рух. Тіл. Жаңғыру» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әнуар Тоқпанның пікірінше, ақын-жазушылардың музейі олардың туған жерінде болғаны дұрыс. Барған адам мұражайды ғана көріп қоймай, тұлғаны дүниеге әкелген қасиетті мекенді аралап, ауасын жұтып, табиғатын тамашалап қайтады.

– Ауылдағы музейлерге мемлекет тарапынан көмекті көбейту керек. Жөндеуге, жәдігерлерді күтіп-ұстауға, меніңше, кейде қаражат жетпей жатады. Жалпы өзім жұмыс бабымен де, отбасыммен де жылына кемінде бір рет осы музейлерге барып тұрамын, – дейді Әнуар Тоқпан.

Ауылдардағы мемориалдық музейлерде негізінен 1-2 адам ғана жұмыс істейді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, былтыр өңірдегі 4 мемлекеттік мұражай және оның 8 филиалының керек-жарағына бюджеттен 67,5 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражат қызметкерлердің еңбекақысын төлеуге, коммуналдық және басқа да қызметтерге жұмсалған.

2018 жылдан өңірдегі музейлерге кірудің тегін болғаны белгілі. Бұл жоба өткен жылдың қазан айына дейін жұмыс істеді. Бүгінде музейге кіру ақылы. Облыстық музейлерде билет құны 300 теңге, студенттерге – 200, балаларға – 100 теңге. Аудандарда ересектер үшін 200 теңге болса, студенттер жарты бағасын төлеп кіреді. Балалар үшін билет 50 теңге тұрады.

Мамандардың айтуынша, биыл «Қарасай-Ағынтай» мемориалдық кешенінде ғана ғылыми-реставрациялық жұмыс жүргізіледі. Жергілікті бюджеттен осы мақсатқа 200 млн. теңге бөлінген. Ал басқа музейлерде жөндеу жұмыстары қарастырылмаған. Сондай-ақ ауыл музейлерін көшіру мәселесі де күн тәртібінде тұрған жоқ.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp