Елімізде мәдениет саласын дамытуда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылдың, қаланың шырайын келтіріп, халықтың береке-бірлігін арттырып, ұлттық өнерімізді дәріптеп, талантты өнерпаздардың қанатын қатайтуда мәдениет ошақтарының маңызы зор. Жуырда Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарағанды ауылында тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған орталық ашылды.
Орталықтың ашылуын қарағандылықтар көп күтті. Талай жылдан бері ән мен күйдің ордасына мұқтаж болған олар өнерпаздар енді ауылға ат басын бұрады деген үмітте. Бұл орталықты ашу үшін 22 миллион теңге қаржы жұмсалып, арнайы бөлмелер мен кең акт залы, рухани байлықтың көзі болып табылатын кітапхана жасалды. “Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел” демекші, орталық ауылдың күйбің тірлігін көркейтіп, таланттардың жарқ етіп көрінуіне мүмкіндік берері анық. Орталықта алты тұрақты жұмыс орны ашылып, қажетті мамандармен қамтылды.
Мағжан Жұмабаев ауданында осыған дейін Успенка Мәдениет үйiне күрделi жөндеу жүргізілсе, Октябрьское, Бастомар, Чистовское ауылдарында бос уақыт өткiзу орталықтары ашылды. Осыдан екі жыл бұрын Конюхов ауылында ашылған мәдени демалыс орталығы ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналды. Ал өткен жылы аудандық Мәдениет үйін және алты ауылдық клубты жөндеуге 80 млн.теңге қаражат жұмсалды. Мәдениет орталықтары – ауылдықтар үшін шығармашылығын дамытатын ошақ қана емес, елді мекендердің тіршілігіне жан бітірер рухани орда.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.
Мағжан Жұмабаев ауданы.