Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Есіл ауданына жұмыс сапары барысында Заградовское ауылындағы бірнеше нысанның жұмысымен танысты.
Алдымен өңір басшысы «Заградовское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа тауарлы-сүт фермасында болды. Серіктестік басшысы Иван Фисенконың айтуынша, 400 басқа шақталған ферманың жобалық құны 1,2 млрд. теңгені құрайды. Оның 452 млн. теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы облыстық филиалы арқылы қаржыландырылған. “1999 жылы құрылған біздің серіктестік бірнеше жылдан бері мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінгі таңда қорамызда 1363 ірі қара болса, оның 963-і – қазақтың ақ бас сиыры. Ендігі кезекте сүт өндірісі бағытында өзімізді сынап көргіміз келеді. Былтыр облыста төрт сүт фермасы ашылды. Біз оларда болып, жұмыс барысының қыр-сырымен танысып, тәжірибе алмастық”, – дейді Иван Феофанович. Сименталь тұқымды қара мал Австриядан сатып алынған. Қазіргі уақытта оның 100 басы карантиннен өтіп, қораға жеткізілген. Қалған мал қаңтар айында келеді. Бүгінде 30 жаңа жұмыс орны ашылған фермада негізінен ауыл тұрғындары істейді. Олардың орташа айлық жалақысы 137 мың теңгені құрайды. Жаңа ферма толық қуатына көшкен кезде жылына 2,5-3 мың тонна сүт сауылады деп күтілуде.
Аталмыш серіктестік 30 комбайн мен 41 тракторды жұмылдырудың арқасында алғашқылардың бірі болып орақ науқанын аяқтаған екен. Шаруашылық биыл 9,3 мың гектарға дәнді, 2,2 мың гектарға майлы дақыл сепкен. Бидайдың әр гектарының орташа өнімділігі 18 центрді құрады. Майлы дақылдардың да көрсеткіші жақсы. Жаз бойы еңбектенген диқандар гектарынан 9 центнер өнім алған. Бұдан кейін облыс әкімі «ескі клуб» деп аталатын мәдени-ойын кешенінде болды. Ауыл ортасындағы нысан 1956 жылы салынғанымен, жиырма жылдай қаңырап бос тұрған. Ауылда содан бері мәдени шараларды өткізетін орын болмаған. Заградовкалықтардың өтінішін ескерген «Прометей Агро» ЖШС-нің директоры Юрий Шоль ескі нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізен. Жалпы 550 шаршы метр аумақты қалпына келтіріп, құрал-жабдықтарды сатып алуға 57 млн. теңге жұмсалған. Қазіргі уақытта бұл жерде дәмхана, балалар ойын алаңы, бильярд, сұлулық салоны, шағын қонақ үй бар. Барлығы төрт жаңа жұмыс орны ашылған.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің келесі санынан оқи аласыздар.