Жамбыл ауданының мектептерінде “Ата сөзі – ақыл көзі” тақырыбында тәрбие сағаттары өтіп жатыр. Жақында өзіміз оқыған Баян орта мектебінің директоры Асқар Сұрағановтан осы білім ордасының бір топ түлектері шақырту алдық.
Аға ұрпақ өкілінің мол тәжірибесі, өмірден көргені мен түйгені, ақыл сөзі әр уақыт жастарға бағыт-бағдар берген, болашаққа жол сілтеген. Үлкендердің өнегесін көңіліне түйіп, өміріне серік еткен жастардың қай заманда болмасын өзіне лайықты орнын тауып, жетістікке жеткенін көріп жүрміз. Сондықтан да болар мектептің әр жылдардағы түлектері арасынан жастарға ата сөзін, ғибратын айту жолы бізге тигеніне қуанғанымызды жасыра алмадық.
Біз деп отырғаным Баян орта мектебінің түлегі, облысымыздың құрметті азаматы Жамбыл Тасеменов, ұзақ жылдар ұрпақ тәрбиесіндегі жемісті еңбегіне қоса өміріне ән өнерін серік еткен, соңғы жылдары кең танылған “Балқадиша” халық ансамблінің жетекшісі Мәшуда Нұрғалиқызы, өз ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қайнижамал Омарқызы мен осы жолдардың авторы.
“Қыстың көзі – қырау” дегенде халқымыз тек қыс күнінің суықтығын ғана емес, жол қиындығын да меңзесе керек. Жолайрықтан ауылға дейінгі 30 шақырымға құмқиыршық төселген, бұған дейін боран соқса қар алып қалатын. Оның зардабын талай көріп едік. Көлігіміз тасжолда еркін көсіліп әне-міне дегенше ауылға апаратын жолайрыққа да алып келді. Соңғы уақытта шаруашылық басшылары өз техникаларымен жолды жүйелі түрде тазалап отыратынын естіп, қуанып қалдық.
Жол бойы әңгімеміз жастық шақтың бал қызығын бірге кешкен замандастарымыз төңірегінде, ұрпақ тәрбиесі жайында өрбіді. Аға-апаларымның оқу бітіргеннен кейін өмірдің әр саласында табысты еңбек етіп, Тәуелсіздік тұғырының берік болуына қосқан үлесін жас жеткіншіктер үлгі етсе ғой деген ой мазалады.
Мектеп басшысы қонақтарын білім ордасының ауласында қарсы алды. Кәдімгі ата-дәстүріндегідей, жүрегіміз жылып қалды. Мектептің кіреберіс дәлізіндегі үстел теннисін ойнап жатқан бір топ жас жарқылдай келіп сәлем берді. Жүздері жылы, сәлемдері түзу, ұлттық болмысымызды жүректерінде сақтағандары сезіліп тұр. Бұл – былтырғы мектеп түлектері, бар-жоғы сегіз оқушы. Мектептің абыройын түсірмей, барлығы да жоғары оқу орындарына грантқа түскен екен. Қысқы каникулда туған ауылға келіпті.
Баян орта мектебінде биыл оқушылар саны едәуір артып, жүз он бірге жетіпті. Бұл қуанарлық жай. “Алтын ұя мектебім, болашағың берік, ұстаздарың ұлағатты, шәкірттерің талапты, талантты болып, елдің көркеюіне өз үлестерін қоса берсін!” – деп қаладан арнайы келген бәріміз тілек тіледік.
Ауылымызға демеуші болып келген “Ақ жер” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарып жатқан ауқымды іс-шаралары хақында хабардар болдық. Жердің қадірін білген жандар жаңа технология енгізіп, өнімділікті арттыруға күш-жігерін, қаржысын аямай салып жатса керек. Мұндай қамқорлыққа риза Жер-ана да өзінің байлығын аямай, егін шығымдылығы жылдан-жылға артып келеді екен. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі, қаржы көлемі артып, диқан қауымы қысы-жазы еңбекақы алатын болған.
Жұрттың еңсесі көтеріліп, ауылдан кетушілер азайып, тіпті, бірнеше отбасы қайта көшіп келіпті. Бұл үрдіске “Ақ жер” серіктестігі де өз үлесін қосып, ауылға келушілерге арнап бір үйдің құрылысын бітірсе, екіншісін бастап қойыпты.
Мектептің күрделі жөндеуіне 59 млн. теңге және де ауылдағы кітапхана, медицина мекемесінің ғимаратын қалпына келтіруге де қосымша бюджет қаржысы бөлінген екен.
Баян мектебінің тағы бір мақтанышы – шәкірттеріне тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып жүрген жиырма екі мұғалімнің басым бөлігі осы білім ордасының түлектері. Оқушылардың жетістіктері, білім сапасы, олардың бойына ұлттық тәрбие сіңіру жөнінде жасалып жатқан еңбек Білім және ғылым министрлігі, облыстық білім басқармасы тарапынан өз бағасын алып жатыр екен.
“Ата сөзі – ақыл көзі” тақырыбындағы тәрбие сағаты барысында әрқайсымыз қазақы дәстүр, салт-сана жайлы айтып, өмірдегі жетістіктеріміз туралы мағлұмат бердік, бізге үлгі болған адамдардың өміріне де тоқталдық.
Алдымда отырған жас өскін ұрпаққа еріксіз көз салдым. Елімнің ертеңі, мектебімнің жақсы атын әрі қарай жалғастыратын оқушы, арлы азамат болса екен деймін ішімнен. Әр жақсы сөзге жүздері жадырап отыр. Ағалары мен апайларының өмірдегі жетістіктері өздеріне ұнайтыны көздерінен-ақ көрініп тұр. Ақыл сөзімізді дұрыс қабылдап, халқымыздың жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп, саналы азамат болсаңдар, еліміздің болашағына сеніммен қарауға болады деген сөзбен кездесуімізді қорытындыладық.
Жангелді ТӘЖИН,
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.