«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ ТАҒЫЛЫМДЫ КЕЗДЕСУ

Жамбыл ауданының мектепте­рін­де “Ата сөзі – ақыл көзі” тақыры­бында тәрбие сағат­тары өтіп жа­тыр. Жақында өзіміз оқыған Баян орта мектебінің директоры Асқар Сұ­раға­новтан осы білім ордасы­ның бір топ түлектері шақырту ал­дық.
Аға ұрпақ өкілінің мол тәжіри­бе­сі, өмірден көр­гені мен түйгені, ақыл сөзі әр уақыт жас­тарға бағыт-бағдар берген, болашаққа жол сіл­теген. Үлкендердің өнегесін көңілі­не түйіп, өмі­ріне серік еткен жас­тар­дың қай заманда бол­масын өзі­не лайықты орнын тауып, жетістік­ке жеткенін көріп жүрміз. Сондық­тан да болар мектептің әр жылдар­дағы түлектері арасынан жастарға ата сөзін, ғибратын айту жолы бізге тигеніне қуанғанымызды жасыра алмадық.

Біз деп отырғаным Баян орта мектебінің түлегі, облысымыздың құр­метті азаматы Жам­был Тасе­ме­нов, ұзақ жылдар ұрпақ тәрбие­сін­дегі жемісті еңбегіне қоса өміріне ән өнерін серік еткен, соңғы жылда­ры кең танылған “Балқадиша” ха­лық ансамблінің жетекшісі Мәшуда Нұрғалиқызы, өз ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Қайнижамал Омарқызы мен осы жолдардың авторы.
“Қыстың көзі – қырау” дегенде халқымыз тек қыс күнінің суықты­ғын ғана емес, жол қиынды­ғын да мең­зесе керек. Жолайрықтан ауыл­­ға дейінгі 30 шақырымға құм­қиыршық төселген, бұған дейін бо­ран соқса қар алып қалатын. Оның зарда­бын талай көріп едік. Көлігіміз тасжолда еркін көсіліп әне-міне дегенше ауылға апаратын жолай­рық­қа да алып келді. Соңғы уақыт­та шаруа­шылық басшылары өз техникаларымен жолды жүйелі түрде тазалап отыратынын естіп, қуанып қалдық.
Жол бойы әңгімеміз жастық шақ­тың бал қы­зы­ғын бірге кешкен за­ман­дас­тарымыз төңіре­гінде, ұрпақ тәрбиесі жайында өрбіді. Аға-апа­ларымның оқу бітіргеннен кейін өмір­дің әр саласында табысты ең­бек етіп, Тәуелсіздік тұ­ғы­рының бе­рік болуына қосқан үлесін жас жет­кіншіктер үлгі етсе ғой деген ой ма­залады.
Мектеп басшысы қонақтарын білім ордасы­ның ауласында қарсы алды. Кәдімгі ата-дәстүрін­дегідей, жүрегіміз жылып қалды. Мектептің кіре­беріс дәлізіндегі үстел теннисін ойнап жат­қан бір топ жас жарқыл­дай келіп сәлем берді. Жүздері жылы, сәлемдері түзу, ұлттық бол­мы­сы­мызды жүректерінде сақта­ғандары сезіліп тұр. Бұл – былтыр­ғы мектеп түлектері, бар-жоғы сегіз оқушы. Мектептің абыройын түсір­мей, барлығы да жоғары оқу орын­дарына грантқа түскен екен. Қысқы каникулда туған ауылға келіпті.
Баян орта мектебінде биыл оқу­шы­лар саны едәуір артып, жүз он бірге жетіпті. Бұл қуанар­лық жай. “Алтын ұя мектебім, болашағың бе­рік, ұстаздарың ұлағатты, шәкіртте­рің талапты, талантты болып, елдің көркеюіне өз үлестерін қоса бер­сін!” – деп қаладан арнайы келген бәріміз тілек тіледік.
Ауылымызға демеуші болып кел­ген “Ақ жер” жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігінің атқа­рып жатқан ау­қымды іс-шаралары хақында ха­бар­дар болдық. Жердің қадірін біл­ген жан­дар жаңа технология енгі­зіп, өнімділікті арт­тыруға күш-жі­­ге­рін, қаржысын аямай салып жат­са ке­рек. Мұндай қамқорлыққа риза Жер-ана да өзінің байлығын аямай, егін шығымдылығы жылдан-жылға артып келеді екен. Соның нәти­жесінде еңбек өнімділігі, қаржы көлемі артып, диқан қауымы қысы-жазы еңбекақы алатын болған.
Жұрттың еңсесі көтеріліп, ауыл­дан кетуші­лер азайып, тіпті, бірне­ше отбасы қайта көшіп келіпті. Бұл үрдіске “Ақ жер” серіктестігі де өз үле­сін қосып, ауылға келушілерге арнап бір үйдің құрылысын бітірсе, екіншісін бастап қойыпты.
Мектептің күрделі жөндеуіне 59 млн. теңге және де ауылдағы кітап­хана, медицина меке­месінің ғима­ра­тын қалпына келтіруге де қо­сым­ша бюджет қаржысы бөлінген екен.
Баян мектебінің тағы бір мақта­ны­шы – шәкірттеріне тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып жүрген жиырма екі мұғалімнің ба­сым бөлігі осы білім ордасының тү­лектері. Оқу­шылардың жетістікте­рі, білім сапасы, олар­­дың бойына ұлттық тәрбие сіңіру жөнінде жа­салып жатқан еңбек Білім және ғылым ми­нистрлігі, облыстық білім басқармасы тара­пынан өз бағасын алып жатыр екен.
“Ата сөзі – ақыл көзі” тақыры­бын­дағы тәр­бие сағаты барысын­да әрқайсымыз қазақы дәстүр, салт-сана жайлы айтып, өмірдегі же­тістіктеріміз туралы мағлұмат бердік, бізге үлгі болған адамдар­дың өміріне де тоқталдық.
Алдымда отырған жас өскін ұр­паққа еріксіз көз салдым. Елімнің ертеңі, мектебімнің жақсы атын әрі қарай жалғастыратын оқушы, арлы азамат болса екен деймін ішімнен. Әр жақсы сөзге жүздері жадырап отыр. Ағалары мен апайларының өмірдегі жетістіктері өздеріне ұнай­тыны көздерінен-ақ көрініп тұр. Ақыл сө­зімізді дұрыс қабылдап, хал­қы­мыздың жақсы қасиеттерін бой­ларына сіңіріп, саналы азамат бол­саңдар, еліміздің болашағына се­нім­мен қарауға болады деген сөз­бен кездесуімізді қорытын­ды­ладық.

Жангелді ТӘЖИН,
облыстық ардагерлер кеңесі  төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp