Есіл ауданындағы Явленка ауылында “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында “Денталия clinik” атты стоматологиялық кабинет ашылды.
Жекеменшік клиниканың иелері – ерлі-зайыпты Гнилозубтар мамандығы бойынша дәрігерлер. Олар жеке стоматологиялық кабинет ашуды көптен бері ойлап жүрген. Ақ халатты жандардың осынау арманының жүзеге асуына мемлекеттің қаржылық қолдауы жағдай жасады.
– “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша “Даму” қорының кепілдігімен “Сбербанк” АҚ-нан 14 пайыздық сыйақымен 12,5 млн. теңгенің кредитін алдық. Сыйақының 10 пайызын мемлекет өтейді. Жобаға өзіміздің 5 млн. теңгедей қаражатымызды да қостық, – дейді “Денталия clinik” ЖШС-нің директоры Ирина Гнилозуб.
Ерлі-зайыптылар кредит қаражатына жеке емдеу тәжірибесін ұйымдастыру үшін ғимарат, құрал-саймандар мен заманауи материалдар сатып алыпты. Бүгінгі күні жеке клиникада терапия, хирургия және ортодонт кабинеттері жұмыс істейді. Алдағы уақытта стоматологиялық қызмет түрлерін көбейте түсу қарастырылуда. “Денталия clinik” өз клиенттерін сапалы емдеуімен ғана емес, қолжетімді қызметімен де риза етіп отыр.
– Денсаулық сақтаудың жаңа нысандарының ашылуы жергілікті тұрғындарды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге және өңірдің шағын және орта бизнесін дамыту үшін алда тұрған міндеттерді шешуге жасалған маңызды қадам болып табылады, – деді нысанның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев.
Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” қоры облыстық филиалының менеджері.