
Білім күні Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Буденное ауылында жаңа мектеп ұстаздар мен шәкірттер игілігіне берілді. Оның ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов жиналғандарды оқу жылының басталуымен құттықтап, барлық талаптарға сай келетін жаңа мектепте оқушылар жақсы білім сапасын көрсетеді деген сенімін білдірді. Мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушыларына оқу сөмкесі мен Елбасының атынан “Менің Отаным – Қазақстан” атты кітап тарту еткен өңір басшысы ұжымға жаңа автобус сыйлады.
Бұған дейін ауыл балалары өткен ғасырдың 60-шы жылдарында бой көтерген көне мектепте білім алып келген еді. Ғимарат апатты деп танылғаннан кейін облыс бюджетінен қаржы бөлініп, 90 орындық жаңа мектеп салынды. 500-ден астам отбасы түтін түтетіп отырған ауыл үшін бұл үлкен қуаныш. Білім мекемесінің табалдырығын аттаған 70-тен астам оқушының ата-аналары балаларының енді заманауи оқу орнында оқитынына қуанышты. Бұл жерде шәкірттердің сапалы білім алуына, ал мұғалімдердің қызметін алаңсыз атқаруларына барлық мүмкіндік жасалған. Ерік Сұлтанов мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, химия, физика кабинеттерін аралап көрді.
Мектепте оқушылардың спортпен айналысуы да ойластырылған. Білім ордасының спорт залы, акт залы, кітапханасы және асханасы бар. Ескі ғимараттың тарлығынан бұрын балалар спортпен еркін шұғылдана алмапты. Сонымен қатар білім ордасында 25 балаға арналған шағын орталық та ашылды. Оқушылармен бірге ауылдың кішкентай бүлдіршіндері 1 қыркүйек күні білім беру мекемесіне келді. Жалпы аудан бойынша жаңа оқу жылында 48 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 5600-ден астам шәкірт білім сағатына қатысты.
Назерке ҒАЛЫМ,
журналист.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.