Уәлиханов ауданында «Үздік ауылдық мәдениет мекемесі – 2025» байқауы аясында «Туған жер – бірлік пен елдіктің бесігі» атты рухани шара ұйымдастырылды. Облыс орталығынан ауданымызға ат басын бұрған қонақтарды қазақтың ата дәстүрімен «Қазына» әжелер ансамблі шашу шашып қарсы алды. «Славян» этномәдени орталығы жанынан құрылған «Сударушка» тобы көрерменге достық пен келісімнің, бірлік пен ынтымақтың шынайы көрінісін бейнелеген қойылым ұсынды. Елді мекендерден келген қолөнер шеберлері жартылай киіз үй тігіп, өз қолдарымен жасаған бұйымдардан көрме ұйымдастырды. Шарада Шоқан Уәлихановтың 190, Абай Құнанбаевтың 180, Сәбит Мұқановтың 125 және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы бөлімдер жұмыс істеді.
Фото-көрмеде келушілерге QR-код арқылы жедел ақпарат алу мүмкіндігі қарастырылды. Жиналғандар сұрапыл соғыс жылдары Уәлиханов ауданынан майданға аттанған азаматтардың толық тізімімен таныса алды.
Кеш барысында көрермен назарына үш бөлімнен тұратын концерттік бағдарлама ұсынылды. «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты бірінші бөлімде ұлы ойшылдың шығармалары оқылып, әндері шырқалды. Екінші бөлім – Жеңістің 80 жылдығына арналды. Ал «Бірлігіміз жарасқан» атты үшінші бөлімде түрлі этнос өкілдерінің өнері, халықтар достығы мен мәдениеті паш етілді.
Байқаудың қазылар алқасы құрамында облыстық халық шығармашылығы және мәдени бос уақыт қызметі орталығының өкілдері, мәдениет саласының үздіктері болды. Олар әр ауылдан келген өнерпаздардың дайындық деңгейіне, сахна мәдениетіне баға берді.
Жанаргүл МҮШЕЛБАЙ,
Уәлиханов аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы.