Жамбыл ауданында “Amanat” партиясы облыстық филиалы ұйымдастырған мобильді қабылдауға 27 адам өтініш-тілектерін айта келді. Тұрғындардың бірі Мирное ауылында ұялы байланыстың сапасыздығына шағымданды. Оған Петровка ауылында мұнара орнатылатыны, кейін байланыс провайдерлеріне жалға берілетіні түсіндірілді.
Сергей Болдыревтың айтуынша, Мирное ауылынан көрші Айымжан мен Новорыбинкаға қатынау өте қиын Жолдың ұзындығы – 27 шақырым. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі мәселе қарастырылып жатқанын жеткізді.
“Екі аралықтағы учаскенің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Қаражат бөлуге өтінім берілді, қаржыландыру шешілсе, жазға таман жөндеу жұмыстары басталады”, – деді басқарма басшысының орынбасары Қанат Бейсенов.
Сумен қамтамасыз ету туралы өтінішке жобаны іске қосу биыл жоспарланғаны, қаржының бөлінуін күтіп отырғандығы жөнінде жауап берілді.
Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесіне келгендер жер телімдерін бөлу, әлеуметтік нысандарды жөндеу, автобус бағытын ұйымдастыру және басқа да мәселелерді қозғады. Бес мәселе сол жерде шешімін тапты. Бірқатарына кеңес беріліп, партиялық бақылауға алынды.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“Amanat” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.