«Қазпошта» АҚ-ы 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алу үшін қажетті арнайы шот ашу жөнінде көп жұмыс атқарды. Жасыратыны жоқ, аудандар мен ауыл тұрғындары үшін ақша аударуға, төлем төлеуге, карта ашуға болатын жалғыз мекеме – «Қазпошта». Сондықтан ауыл тұрғындарына арнайы шоттар ашу ісінде негізгі ауыртпалық «Қазпоштаға» түсті.
Бұл, ең алдымен, әлеуметтік бағдарланған компания болғандықтан, осы күндері пошташылар еліміздің барлық өңірлерінде тұрғындардың зейнетақысы мен жәрдемақыларын үйлеріне жеткізіп берумен қатар, әлеуметтік төлем тағайындалған азаматтарға арнайы шоттар ашып беруде.
Соңғы 11 күн ішінде тек бірыңғай жиынтық төлем мәселелері бойынша 464 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсетілді. 285 177 шот ашылып, 300 193 адамнан бірыңғай жиынтық төлем қабылданды. «Қазпошта» арқылы 45 000 адам 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемақысын алды. Бірыңғай жиынтық төлемді онлайн төлеу мүмкіндігі туралы барлық нұсқаулар «Қазпоштаның» әлеуметтік желілердегі парақшаларында және post.kz сайтында орналастырылған.
Бұл жұмыс оңай болған жоқ,әрине. Қазіргі қауіпті жағдайға байланысты, қызметкерлер шұғыл түрде курстардан өтіп, вирусқа қарсы тұру үшін барлық бөлімшелер күніне бірнеше рет зарарсыздандырып, сонымен бірге азаматтарға цифрлық сауаттылық негіздері үйретілді.
Ал «Қазпоштаның» IT және қаржылық қызмет департаменті қызметкерлері бөлімшелерге бармай-ақ, онлайн режімде банктік шот ашуға мүмкіндік беретін жүйені тез арада іске қосу бағытында шұғыл жұмыс істеді. Енді, міне, онлайн-сервис дайын болды. Енді тұрғындар төлем картасына немесе шот ашуға тапсырысты смартфоннан онлайн түрде бере алады. Бөлімшеге барудың қажеті жоқ. Осы күні 1000-нан астам виртуалды карта шығарылды. Поштаның тұрақты клиенттері – post.kz қолданушылары – сайттан жаңа қызметті тауып, оны өздері сынап та үлгерді. Енді қызмет IOS-те және post.kz сайтында.
Төлем картасына келетін болсақ, бұл – интернеттегі төлемдерге арналған «Kazpost Virtual» атты виртуалды карта. Карта бірден шығарылады. «Kazpost Virtual» картасын зейнетақы, жәрдемақы және алимент алудан басқа, интернет арқылы тауар сатып алуға да пайдалануға болады. «AliExpress»-тегі әрбір тауарға – 1,5%, ал басқа интернет-дүкендердегі тауарларға 1% сashback қайтарылады. Сондай-ақ, «Кazpost Virtual» картасының көмегімен post.kz сайтында коммуналдық төлемдерді, әртүрлі мекемелердің қызметтерін төлеуге, картадан картаға ақша аударуға болады. Карта тегін ашылады, пайдалану ақысы алынбайды.
Сәкен СӘРСЕНОВ,
«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы.