Қос мемлекет арасына тікенек сым тартылып, қарулы күзет қойылмағанмен, шекара сызығын аңғармай қалу мүмкін емес. Алып теңіздей толқыған егін аяқталып, ұзақ жыл күтім көрмей, арамшөп басқан алқапқа аяғыңыз тисе лезде кері қайтыңыз. Себебі, сіз көрші елдің аумағына өтіп кеттіңіз деген сөз. Қызылжар ауданы Налобин ауылдық округінің әкімі Ләйла Жансүгірова қонаққа келген әрбір тұрғынға әңгімесін ереже болып қалыптасқан осы бір ерекшелікті түсіндіруден бастайды.
Елдің шеті, желдің өті деген осы болар. Қарға адым сәттен кейін Ресейдің Қорған облысының аумағы басталады. Ежелден ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қос ел 1991 жылдан әрқайсысы өз жолын таңдады. Көршілердің жайы өздеріне аян, ал Қазақ елі тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиындықтардың бәрін еңсеріп, бүгінде еңсесін тіктеген қуатты мемлекетке айналып келеді. Ауыл да біраз ауыртпалықты бастан өткізді. Біздің мақаламыздың кейіпкері Ләйла Күзенқызы тәуелсіздікке дейін де, одан кейін де басқару ісіне араласып, алып империяның құлауын да, жас мемлекеттің тізерлеп барып, аяғынан тік тұрған кезін де басынан өткерді.
Ол Ресейдің Қорған облысында туғанымен, аталары – Есіл ауданы Тауағаш ауылының тумалары. 1946 жылы, яғни соғыстан кейінгі қиын кезде бала-шағасын аштықтан сақтап қалу үшін ішке қарай көшуге мәжбүр болған. “Есің барда еліңді тап” дейтін қағидаға берік Ләйла Күзенқызы 1983 жылы қолындағы анасын алып, кішкентай сәбиімен атамекенге оралды. Тұрақтаған жері – Налобино ауылы. 1983 жылдан бастап елді мекендегі жетімдер үйінде, кейін жергілікті кітапханада еңбек етті. Жұмыс көрсе білек сыбана кірісе кететін, уәдеге берік, ер мінезді жас келіншек ауылдық кеңес төрағаларының көзіне түсіп, бас маман қызметіне қабылданады. Кеңестік басқару жүйесінің дәмін татып, тәуелсіз Қазақстанды құруға бір кісідей атсалысып келе жатқан нәзік жанның өз түйген ойы бар.
– Кеңес одағы тұсында бәрі жоспарлы еді ғой. Еш өзгеріс болмайтын. Сиыр сауылады, егін егіледі, күзде жиналады дегендей. Бәрін жоғары жақ шешеді, бас қатырып жатпайсың. Сондықтан да ол тоқырауға ұшырады. Ал қазір жағдай мүлдем басқа. Күнде бірдеңе өзгеріп жатыр, жаңашылдыққа, жақсылыққа ұмтылудамыз. Әлемнің озық тәжірибелерін енгізудеміз. Жайбарақат қарап отырсаң, көштен қалып қоясың, – дейді ол.
Налобин ауылдық округінің құрамына бес бірдей елді мекен кіреді. Тұрғындар саны – 366 адам. Өкінішке қарай, қаракөздеріміздің саны 5 пайыздай ғана демесеңіз, округте 15 ұлттың өкілдері бір үйдің баласындай тату-тәтті тұрып жатыр. “Әкім бол, халқыңа жақын бол” дейді қазақ тәмсілі. 2008 жылы ауылдық округ әкімі болып тағайындалған Ләйла Жансүгірова бес ауылдың тұрғындарын өзінің бес саусағындай біледі. Қанша жерден басшы болса да әйел екенін ешқашан ұмытқан емес. Тұрмыстары төмен немесе қандай да бір қиын жағдайларға тап болған отбасыларға аналық мейіріммен қарап, ең болмағанда жылы сөзімен қолдау көрсетеді. Тіпті, күйеуімен кикілжіңге келіп қалған жас келіншектер де келіп, татуластыруын өтінеді екен. Істеп жүрген ісіне қарап, ауылдың әкімі ғана емес, абыз анасы ма дерсіз.
– Қиын кездер артта қалды. Боранды күндері жол жабылып қалып, апталап ашылмайтын. Күн батса болды ауыл қараңғы түнек қойнауында қалатын. Көшелерде бір шам жоқ. Қазір соның бәрі көрген түстей. Жолды қар басып қалса, жергілікті шаруашылық техникалары лезде тазалайды. Көше түнде самаладай жап-жарық, – дейді әкім.
Былтыр “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 17,8 млн. теңге қаржы бөлініп, ауылдардың ішкі жолдары қалпына келтіріліп, жарықтандыру жүйесі жаңартылыпты. Мектеп, әкімдік сияқты ғимараттардың қоршаулары ауыстырылған. Қызылжар ауданының әрбір ауылдық округіне жыл сайын “Өңірлерді дамыту бағдарламасы” бойынша 1,399 млн. теңгеден бөлінуде. Бұл қаржыны жергілікті тұрғындардан құрылған ақылдастар алқасының талқылауына салып, ең қажет деген салаға жұмсайды. Елімізде 2018 жылдан бастап әрбір ауылдық округтің өз бюджеті болады деп жоспарланған. Бұл ауылдардың кейбір мәселелерін дер кезінде шешуіне мүмкіндік бермек.
Налобин ауылдық округінде таза ауызсу бар, бірақ тозығы жеткен құбырлар жарыла берген соң “Ақ бұлақ” бағдарламасы бойынша жанынан жаңа желі тарту басталған болатын. Сол жұмыс биыл аяқталса ауызсу мәселесіне алаңдамауға болады. Ел басқарып отырған әрбір адам үшін ең бастысы – халықтың сенімі. Ләйла Жансүгірованың атқарған жұмысын көрген ауыл тұрғындары 2013 жылғы әкімдер сайлауында оған бірауыздан сенім білдіріп, төрт жылға сайлаған екен. Сайланған мерзім осы жазда аяқталады.
– Мен 25 жыл әкімдікте қызмет етіп келемін, соңғы 10 жылдай әкіммін. Бұл менің өмірімнің ең бір қызық кездері ғой. Тұрғындар сенім артып сайлаған соң жауапкершілік еселеп артты. Жазда жаңадан сайлау өтеді. Мен сайлауға қатыса алмаймын. Оған дейін зейнеткерлікке шығамын, өсіп келе жатқан жастарға да орын босату қажет. Бұрынғыдай емес, тұрмыстың түзеліп келе жатқанын жылда өтетін есеп беру кездесулеріне қарап-ақ аңғаруға болатындай. Әлеуметтік мәселелерді көп көтере бермейді. Тәуелсіздік алған тұстағы көздеген армандар мен мақсаттарға енді қол жеткізе бастағандаймыз, – дейді әкім.
Ләйла Күзенқызының қажырлы еңбегі еленіп, 2010 жылы “Еңбек даңқы” медалімен марапатталған. “Шекара қызметіне 20 жыл” медалі да – оның еліміздің біртұтастығына, екі ел тұрғындары арасында достықты сақтауға сіңірген жұмысының жемісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 және 25 жылдық мерейтойлары мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған медальдары да оның кеудесінде жарқырайды.
Солтүстік Қазақстан облысында 194 ауылдық округ болса, соның 38-ін нәзік жандар басқарады екен. Соның бірі – Ләйла Күзенқызы. Әйелдер жаратылысынан ұқыптылыққа, тазалыққа бейім, демек, олар басқарған ауылдар да гүлденіп, жайнап тұратыны сондықтан.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.