«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҢ ДА, ОТБАСЫНЫҢ ДА АҚЫЛШЫСЫ

Қызылжар ауданының Вагулино ауылында тұратын Рәзия Шалғынбайқызының өмірі еңбекпен өрілген. Жамбылдың жасына жақындаған қарияның қимылы әлі ширақ. Жанарынан төгілген мейірім шуағы жаныңа ерекше әсер етеді. Бұл жасқа келгенімен, көзілдіріксіз жүрген асыл жанға қарап, бір Алланың өзі күш-қуатын молынан берген-ау деген ойға қаласың.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары дүниеге келіп, небір қиын-қыстау кезеңдерді басынан өткізген қарияның тағдыры күрделі. Соған қарамастан, еселі еңбекпен табыстың тайқазанын тасытып, мәнді де мағыналы өмір кешкен Рәзия Шалғынбайқызын көргенде ұлағаттылық пен даналықтың тұнығынан сусындағандай боласың. Табылдиновтар әулетіндегі тәлім-тәрбиенің негізін қалаушы қария бүгінде немере-жиендерінің, шөберелерінің бойына отбасы құндылықтарын дарытып, өмірден көрген-түйген тәжірибесімен бөлісуде.

Рәзия Табылдинова – өз заманында құрмет пен ілтипатқа бөленіп келген қарапайым еңбек адамдарының бірі. Саналы ғұмырының отыз тоғыз жылын сауыншылыққа арнап, есімі өңірімізге кеңінен танылған еңбек адамының өмір жолдарынан аңғарғанымыз, әжей замандастары арасында сыйлы болған.

Рәзия Шалғынбайқызы туып-өскен Батурино ауылы Есіл өзенінің оң жағасында орналасқан. Әсем табиғаттың аясында шыныдай мөлдір ауамен кең тыныстап өскен асыл жанның болашақта тұлғалы азамат болып қалыптасуы да – заңды құбылыс.

Рәзия әжейдің анасы Бибіш он екі құрсақ көтергенімен, барлығы да шетінеп кете беріпті. Бір перзентке зар болған ата-ананың шақалақ бала аман қалғанда егіліп жылауларының да сыры осында екен.

Отбасы күнкөріс қамымен Ресейдің Омбы облысындағы Чаны стансасында, Горбунково селосында тұрып, кейін өңіріміздің Вагулино ауылына тұрақтайды. Әкесі тірліктің ауыртпалығын бір өзі арқалап, балалықтың балғын шағы өмірдің ең қиын кезеңіне дөп келген жалғыз қызын аялап өсіреді. Сұрапыл соғыс басталғанда он бес жастағы Рәзия басқа түскен ауыртпалықты жеңуге талпынады. Аштықтың да, жоқтықтың да дәмін тым ерте татады. Шешесі өмірден өткен соң отбасының бар жүгін арқалаған ол тауқыметті тірлікке жасымайды. Қайта қайраттана түседі. Жергілікті фермаға жұмысқа алынып, сиыр сауады.

– Соғыс басталған кезде ер-азаматтар майданға аттанды. Олардың орнына қыз-келіншектер далаға соқа салып, түрен түрді. Осылайша, мен де еңбекке араластым. Ірі қараны өзіміз күтіп, себетпен жем тасушы едік. Іші суық болған соң қораны майлап, қиын да өзіміз шығаратынбыз. Сауын сиырды көктемде соқаға жексек, ал таңертең мен кешкілік сүтін сауатынбыз, – дейді жастық шағын есіне алған қарт ана.

Кейуананың айтуынша, ұжымдағы жұмыс барысында өзінің болашақ өмірлік жары Хамитхан Ескендірұлын кезіктіреді. Трактор-егіс бригадасын басқарған Хамитхан екеуі 1944 жылы шаңырақ көтереді. Ел басына күн туған жылдары қарт анасының жалғыз ұлы болған соң отағасы тек 1945 жылы майданға шақыртылып, Жапонияға қарсы соғыс қимылдарына қатысады. Кеңес әскерінің жеңісінен кейін жауынгер туған ауылына тек алты жылдан кейін оралады. Осы уақыт аралығында енесінің қолында тұрған Рәзия әжей еңбекке араласып, ұжымында сыйлы болады. Бойына біткен табандылық пен тиянақтылық, еңбексүйгіштік қасиеттері оның талабын ұштап, жігерін жани түседі.

Қажырлы еңбегінің арқасында абырой биігіне көтерілген озат сауыншы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланады. Қазақстан комсомолының съездеріне, Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысады.

Еңбекте тамаша жетістіктерге жеткен Рәзия Табылдинова – отбасылық жылылықты да сақтай білген жан. Тағдыр қосқан қосағымен бірге Рамазан, Уәлихан, Сейілхан, Майда, Күлбана, Алма мен Гүлнәр есімді ұл-қыздарын өсіріп, тәрбиеледі. Перзенттеріне жастайынан тәлімді тәрбие беріп, олардың тәуелсіз еліміздің нағыз азаматтары болып қалыптасуына барынша қамқорлық жасады. Балалары да ата-аналарының сенімін ақтап, аттарына кір келтірмеуге тырысты. Бәрі де білікті мамандар ретінде еліміздің іргесінің берік болуына өздерінің қомақты үлестерін қосып келе жатыр. Бәйтеректей жайқалып, бір отбасының ақылшысы болған Рәзия Шалғынбайқызы бүгінде отыздан астам немере-жиен мен шөберенің тәтті қылығына тоймай жүр.

Құрметті демалысқа шыққан соң қария үйде бос қарап отыра алмады. Өзі еңбек еткен Вагулино ауылында қоғамдық жұмыстарға араласып, тұрмысы төмендерге, жергілікті ардагерлер кеңесіне қолдан келген көмегін аямады. Ардагерлер кеңесін 21 жыл басқарып келе жатқан Валентина Яковлеваға да ақылшы. Әрдайым жанынан табылып, жан дүниелеріне үңілді. Қазір де ғибратты сөздерімен көпке үлгі.

Маңдай тердің де өтеуі болады емес пе?! Әр ісін тиянақты атқаруға дағдыланған Рәзия Шалғынбайқызының көпжылғы жемісті еңбегі мен игілікті ізденістері Үкімет тарапынан жоғары бағаланды. Тыл ардагерінің кеудесінде Ленин, “Еңбек Қызыл Ту” ордендері, “Еңбектегі ерлігі үшін”, “Еңбек ардагері” медальдары жарқырайды. Міне, “Еңбек еткен мұратқа жетеді” деген осы да.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp