«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҢ ЖҮРЕГІ — МЕКТЕП

“Soltústіk Qazaqstan” газетінің қаңтар айындағы санында жарық көрген “Сәкен салдырған мектеп” және “Күре жол бойында тұрса да, күрмеулі мәселелер аз емес” деген мақалаларды оқып, қолыма қалам алуды жөн көрдім. Түсіне білген адамға Тайынша ауданының Аймақ ауылындағы бірқабатты негізгі мектептің тарихы терең, тағылымы мол. Қазақтың біртуар ақыны Сәкен Сейфуллин ауылдың іргетасының қалануына, ондағы білім ошағының салынуына үлес қосқаны жергілікті тұрғындар ғана емес, облыс жұртшылығы айтып, атқамінерлер дәріптеуі тиіс дүние емес пе?! Қаймағы бұзылмаған ұлттық тәлім мен тәрбиенің қарашаңырағына айналған мектептің педагогикалық ұжымы оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде тынбай еңбек етіп келеді. Алайда, алты жүзден астам тұрғыны бар ауылдағы негізгі мектептің бүгінгі жағдайы “Тоты құс бойына қарап зорланады, аяғына қарап қорланады” дегеннің кебін еске түсіреді екен.

Бұл ауылдағы білім ордасында 94 оқушы бар, жиырмадан астам ұстаз еңбек етіп жүр. Оқитын бала болса, білім ордасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары неге жүргізілмейді? Мақалада мектеп ғимараты бірқабатты, бөлмелері аз болғандықтан, балалар екі ауысымда оқитыны, білім ошағына орталықтандырылған су кіргізілмегені, жылу жүйесі де, терезелері де қаусап тұрғаны, төбесі сары судан сарғайып кеткені жазылыпты.
Сұрастырып білсем, Аймақ ауылының тұрғындары қалаға қарай үдере көшіп жатқан жоқ, бала саны жеткілікті. Енді неге тарихы бай Аймақтың мектебі жөнделсе деген тілекті естір құлақ болмай тұр? Атасының, әкесінің атына мешіт ашатын қалталылар сауап іздесе, осындай мектептерді неге жөндемейді екен? Аймақ негізгі мектебін тексерген комиссия “болашағы жоқ” деген ұйғарымға келіпті. Бұл дегеніңіз, 600-ден астам тұрғыны бар ауылдың да келешегіне балта шапқанмен бірдей ғой. Күре жолдың бойында тұрған ауылда мектеп болмаса, бұл елді мекеннің болашағы да бұлыңғыр болары бесенеден белгілі. Бүгінгі таңда елімізде тұрғындары 50 үйге жетпейтін ауылдарды көшіріп, үлкен елді мекендерге орнықтыру керек деген ұран әлі де күшінде тұр. Ал алты жүзден астам тұрғыны бар ауыл мектебінің болашағы жоқ болса, өзгелеріне не зорық?! Білімнің шамшырағын жағып, нәрімен сусындатқан мектепті халық қашанда қадір тұтады. Мектептің есігіне қара құлып ілінсе, елдің де іргесі сөгіледі. Ал болашағы зор ауылдарға, қалаға үдере көшкен тұрғындар жұмыспен қамтылады дегенге де күмәнмен қараймын. Сондықтан тек қаржыны үнемдеуді, оңтайландыруды ғана ойламай, түтіні түзу шығып отырған Аймақ сияқты ауылдардың тарамай, тұрғындардың алаңсыз өмір сүруі үшін ондағы мектепті сақтау аса маңызды. Егер “болашағы жоқ” деп әр мектепті аяусыз жаба берсек, ауылдың қатары сиреп, рухани тамырымыздан ажыраймыз.

Күлбарам РАХМЕТОВА, зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp